6 Қараша 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Су тапшылығы: Қазақстанға қауіп бар ма?

Қазақстанда су тапшылығы қаупі қаншалықты жоғары және алдағы жылдары елді қандай жағдай күтіп тұр? Бұл мәселеге қатысты Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары BAQ.KZ тілшісіне берген жауабында пікір білдірді. Олар су ресурстарының қазіргі жағдайы, тапшылықтың алдын алу шаралары мен алдағы кезеңге арналған болжамдар туралы жауап берді.

Қазақстанда су тапшылығы мәселесі қаншалықты өзекті?

Министрлік мамандарының сөзінше, Қазақстан үшін су тапшылығы мәселесі аса өзекті және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, азық-түлік қауіпсіздігіне, ауыл шаруашылығы мен экологиялық тұрақтылығына тікелей әсер ететін стратегиялық мәселелердің бірі.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 5 ақпандағы № 66 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, еліміздің жерүсті су ресурстарының орташа көпжылдық көлемі шамамен 106 текше шақырым. Оның 55,7 пайызы Қазақстан аумағында қалыптасса, қалған 44,3 пайызы көршілес мемлекеттерден келетін трансшекаралық өзендер есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл еліміздің су ресурстарының едәуір бөлігі сыртқы факторларға, оның ішінде көршілес мемлекеттердің су пайдалану саясатына, трансшекаралық өзендердегі су ағынының өзгеруіне және климаттық жағдайларға тәуелді екенін көрсетеді, - дейді сала мамандары. 

Сонымен қатар су ресурстары республика аумағында біркелкі бөлінбеген. Су қорының аумақтық және маусымдық бөлінуіндегі айырмашылықтар, суармалы егіншілікке қажетті судың көп мөлшерде пайдаланылуы, сондай-ақ су шаруашылығы инфрақұрылымының тозуы су тапшылығы қаупін күшейтіп жатыр.

Су тапшылығы тәуекелі әсіресе еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде жоғары. Атап айтқанда, Түркістан және Қызылорда облыстары орналасқан Арал-Сырдария су шаруашылығы бассейнінде су ресурстарына түсетін жүктеме жоғары. Бұл өңірлерде суармалы егіншілік кеңінен дамығандықтан, вегетациялық кезеңде суға сұраныс едәуір артады. Сонымен бірге өңірдің сумен қамтамасыз етілуі Сырдария өзені арқылы келетін трансшекаралық су ағынына тікелей байланысты. Жамбыл облысын қамтитын Шу-Талас су шаруашылығы бассейнінде де су тапшылығы қаупі өзекті. Аталған бассейндегі су ресурстарының қалыптасуы Қырғызстан аумағынан келетін өзен ағынына тәуелді. Сондықтан суы аз жылдары ауыл шаруашылығының суға деген қажеттілігін толық қамтамасыз ету мәселесі күрделене түседі, - дейді ведомство өкілдері.

Алматы және Жетісу облыстарын қамтитын Балқаш-Алакөл бассейнінде су ресурстарына түсетін жүктеме суармалы егіншіліктің, халық санының және экономикалық қызметтің дамуымен байланысты. Бұл ретте Іле өзенінің су ағынын сақтау Балқаш көлінің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ерекше маңызға ие.

Бұдан бөлек, Нұра-Сарысу бассейнінде табиғи су ресурстарының шектеулілігі мен өнеркәсіптік және шаруашылық қажеттіліктерге су тұтыну мәселелері өзекті болып отыр. Тұжырымдамада су ресурстарына түсетін жүктемені төмендету бойынша нақты нысаналы көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, 2030 жылға қарай Арал-Сырдария бассейнінде аталған көрсеткішті 53,2 пайызға, Шу-Талас бассейнінде 52,8 пайызға, Нұра-Сарысу бассейнінде 83,5 пайызға дейін төмендету көзделген.

Министрлік өкілдері, осыған байланысты Қазақстанда су тапшылығы мәселесін шешу үшін су ресурстарын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. 

Көрші елдерден келетін трансшекаралық өзендерге тәуелділік мәселесі

Қазақстанның жер үсті су ресурстарының едәуір бөлігі көрші мемлекеттердің аумағында қалыптасады. Іле мен Ертіс Қытайдан, Сырдария Орталық Азия елдерінен, Жайық Ресейден келеді. Сондықтан елге келетін судың көлемі жоғары ағыстағы су қоймаларының жұмыс режиміне және көрші елдердің су алуына байланысты. Осыған орай трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану және негізгі су экожүйелерін сақтау – мемлекеттік су саясатының негізгі бағыттарының бірі.

Қазақстан трансшекаралық су мәселелері бойынша барлық көршілес мемлекеттермен құқықтық базаны қалыптастыруды аяқтады. Қытаймен, Ресеймен және Орталық Азия елдерімен екіжақты комиссиялар жұмыс істейді. 2026 жылдың күзінде Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясының XVI отырысында Жайық және Ертіс бассейндеріндегі зерттеулердің бірыңғай жол картасы және су тасқынын өткізу жөніндегі бірлескен жұмыс тобының қызметі қаралды. 2025 жылы Өзбекстанмен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылып, ол Қазақстан тарапынан ратификацияланды, - делінген жауапта.

Сырдария бассейніндегі су қоймаларының жұмыс режимі Орталық Азияның Су шаруашылығын үйлестіру мемлекетаралық комиссиясы аясында келісіледі. 2026 жылғы вегетация кезеңінде Шардара су қоймасына 3,69 млрд текше метр су түсті, бұл болжамнан 850 млн текше метрге артық.

Режимдерді үйлестірудің арқасында соңғы жылдары су аз кезеңдердің өзінде Солтүстік Арал теңізіне судың тұрақты түсуі қамтамасыз етілген. Солтүстік Аралдың көлемі 2023 жылдың басындағы 18,4 млрд текше метрден қазіргі уақытта 23,4 млрд текше метрге дейін ұлғайған.

Балқаш көлін сақтау бойынша жұмыс жалғасуда. Соңғы үш жылда көлге шамамен 40 млрд текше метр су жіберілді: 2024 жылы – 15,9, 2025 жылы – 13,9, 2026 жылы – 10,12 млрд текше метрден астам. Көл деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341,43 метр оңтайлы белгісінде тұр. Француз сарапшыларымен бірге Балқаш көлін 2040 жылға дейін сақтау жөніндегі мастер-жоспар әзірленіп жатыр екен.

Қапшағай су қоймасы 2024-2025 жылдары 100 пайызға, 2026 жылы 98 пайызға толтырылды. Бұқтырма су қоймасына 2024-2025 жылдары жиынтық су ағыны 58,6 млрд текше метрді құрады. Бұл су қоймасының толу деңгейін қалпына келтіруге және Ертіс өзенінің ағысын тұрақты реттеуге ықпал етті, - дейді сала мамандары. 

Климаттың өзгеруі, мұздықтардың еруі және жауын-шашын мөлшерінің өзгеруі қалай әсер етеді?

Мамандардың сөзінше, климаттың өзгеруі Қазақстанның су ресурстарының қалыптасуына, олардың аумақтық және маусымдық бөлінуіне тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі.

Тұжырымдамада климаттың өзгеруі, мұздықтардың қысқаруы, өзен ағынының өзгеруі, құрғақшылық пен су тасқыны қаупінің артуы еліміздің су қауіпсіздігіне әсер ететін маңызды сын-қатерлер ретінде айқындалған.

Біріншіден, мұздықтардың еруі өзендердің су режиміне елеулі әсер етеді.

Тұжырымдамада келтірілген Біріккен Ұлттар Ұйымының деректеріне сәйкес, соңғы 50 жылда Орталық Азиядағы мұздықтар көлемі 20-30 пайызға қысқарған.

Мұздықтар, әсіресе, жазғы вегетациялық кезеңде өзендерді сумен қамтамасыз ететін маңызды табиғи су көздерінің бірі. Қазіргі уақытта мұздықтардың қарқынды еруі жекелеген өзендердің су ағынын уақытша ұлғайтуы мүмкін. Алайда ұзақ мерзімді перспективада мұздықтар көлемінің азаюы өзендердің, әсіресе жаз айларындағы су ағынының төмендеуіне алып келуі ықтимал.

Бұл жағдай оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердегі суармалы егіншілікке, сондай-ақ Іле, Сырдария, Шу және Талас өзендерінің су ресурстарына қосымша қысым түсіруі мүмкін.

Екіншіден, жауын-шашын мөлшері мен оның маусымдық бөлінуінің өзгеруі су ресурстарының тұрақтылығына әсер етеді.

Климаттық өзгерістер нәтижесінде жауын-шашынның түсу режимі өзгеріп, бір кезеңде нөсерлі жауын-шашын мен су тасқынының қаупі артса, басқа кезеңдерде ұзаққа созылатын құрғақшылық болуы мүмкін.

Тұжырымдамада өзен ағынының жыл ішіндегі бөлінуінің өзгеруі, атап айтқанда, қыс мезгілінде су ағынының ұлғаюы және көктемгі-жазғы кезеңде азаюы ауыл шаруашылығын қажетті уақытта сумен қамтамасыз етуге қосымша қиындықтар туғызатыны атап өтілген.

Мұндай өзгерістер су ресурстарының жалпы көлеміне ғана емес, оларды тиімді жинақтау, сақтау және пайдалану мүмкіндіктеріне де әсер етеді.

Үшіншіден, ауа температурасының жоғарылауы суға деген сұраныстың артуына алып келеді.

Ауа температурасының көтерілуі жағдайында су қоймаларынан, өзендер мен көлдерден судың булануы күшейеді. Сонымен қатар топырақ ылғалдылығының төмендеуі ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға қажетті су көлемінің артуына ықпал етеді.

Нәтижесінде табиғи су ресурстарының қолжетімділігі төмендеген кезеңде су тұтыну көлемінің ұлғаюы су тапшылығы тәуекелін одан әрі күшейтуі мүмкін.

Бұл әсіресе ауыл шаруашылығы басым дамыған Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстары үшін маңызды. Сонымен қатар климаттың өзгеруі су ресурстарының сапасына, су экожүйелерінің жай-күйіне және су объектілерінің экологиялық тұрақтылығына да әсер етуі мүмкін. 

Осы тәуекелдерді ескере отырып, Қазақстанда су ресурстарын басқарудың жаңа тәсілдерін енгізу көзделген.

Атап айтқанда, Тұжырымдамада су ресурстарын тиімді пайдалану, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, гидрологиялық мониторинг пен болжау жүйесін жетілдіру, климаттың өзгеруіне бейімделу және трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту негізгі басымдықтар ретінде белгіленген.

Бұл бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі – Қазақстанның сегіз су шаруашылығы бассейні бойынша бассейндік жоспарларды әзірлеу. Бассейндік жоспарлау шеңберінде су ресурстарының қазіргі жай-күйін бағалау, су шаруашылығы баланстарын қалыптастыру, суға деген болжамды сұранысты айқындау, экологиялық ағынды ескеру және су ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды белгілеу қарастырылады. Сонымен бірге бассейндік жоспарларды әзірлеу барысында климаттың өзгеруіне байланысты ықтимал тәуекелдерді, оның ішінде құрғақшылық, су тасқыны, өзен ағынының маусымдық өзгеруі және су ресурстарының азаюын ескеру маңызды, - дейді Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары. 

Бассейндік жоспарлар су ресурстарын пайдаланудың қазіргі жағдайын бағалаумен шектелмей, алдағы кезеңдердегі су қажеттіліктерін, табиғи және антропогендік факторларды ескере отырып, су шаруашылығын дамытудың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, климаттың өзгеруі жағдайында Қазақстан үшін негізгі міндет – қолда бар су ресурстарын сақтау, оларды тиімді әрі әділ бөлу, су тапшылығы тәуекелдерін алдын ала болжау және экономиканың барлық салаларында суды ұтымды пайдалану.

Ауыл шаруашылығы суды ең көп тұтынатын салалардың бірі

Су тапшылығының күшеюі ауыл шаруашылығы саласына тікелей әсер етеді. Атап айтқанда, суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету деңгейінің төмендеуі ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін азайтуға, егіс алқаптарының қысқаруына және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығындарының өсуіне алып келуі мүмкін.

Бұл өз кезегінде өсімдік шаруашылығы өнімдерінің көлеміне, мал азығының қолжетімділігіне және азық-түлік өнімдерінің өзіндік құнына әсер етеді. Нәтижесінде жекелеген азық-түлік түрлері бағасының өсу тәуекелі артып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортына тәуелділік күшеюі ықтимал. Сондай-ақ, су тапшылығы ауылдық өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының табыстылығына, жұмыспен қамтуға және жалпы экономикалық тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін, - дейді мамандар. 

Су тапшылығының алдын алу үшін қазір қандай нақты шараларды қолға алу керек?

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су саласын кешенді трансформациялауды жүзеге асырып жатқанын айтады.

Ауқымды жаңғыртудың негізі 2025 жылғы 10 маусымда күшіне енген жаңа Су кодексі болды. Құжатта су ресурстарын ұтымды пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заманауи қағидаттар бекітілді. Суды пайдалану тиімділігін арттыру үшін ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу ынталандырылып келеді. Мемлекет шаруалардың мұндай жүйелерді сатып алу және орнату шығындарын өтеу мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін арттырды. Ал осы технологияларды қолданған жағдайда суармалы суға берілетін субсидия мөлшері 85%-ға дейін жетеді. Бүгінде мұндай технологиялар 702,2 мың гектар суармалы жерге енгізілген, - дейді ведомство өкілдері. 

Бүкіл ел бойынша су инфрақұрылымы жаңғыртылған. Екі жыл ішінде бес су қоймасы реконструкцияланып, шамамен 1,5 мың шақырым канал жаңғыртылыпты.

Министрлік мәліметінше, су саласын цифрлық трансформациялауды да жүргізіп жатыр. Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі елдегі барлық су нысандары мен су шаруашылығы инфрақұрылымы туралы деректерді біріктіреді. Көрші мемлекеттермен трансшекаралық өзендер бойынша өзара іс-қимыл үкіметаралық келісімдер мен бірлескен комиссиялар аясында жүргізіледі.

Елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған мамандарға ерекше көңіл бөлінеді. Екі жыл ішінде «Қазсушар» мекемесіндегі орташа жалақы екі еседен астам өсті. Су шаруашылығы мамандықтары алғаш рет «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына енгізілді, ал су саласының мамандарын даярлауға арналған гранттар саны мыңға дейін артты. Министрлік су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру бағытында да жұмыс жүргізіп келеді. «Суды үнемде – болашақты сақта» жобасы 3,3 миллионнан астам оқушыны қамтыды. Ал бұлақтар мен жағалау аумақтарын тазартуға арналған «Мөлдір бұлақ» акциясына шамамен 24 мың адам қатысты, - деп түйіндеді ведомство мамандары. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 2030 жылға қарай 1,3 млн гектар алқап су үнемдеу технологиясына көшетіні хабарланды.