Студенттердің жаппай улануы. Асханасының үш қызметкерінен стафилококк анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Рудныйдағы колледж асханасының үш қызметкерінен патогенді алтын стафилококк анықталды.
Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев хабарлады.
Қостанай облысында ағымдағы жылдың 20-21 сәуір аралығында Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Рудный тау-кен-технологиялық колледжінің» КМК студенттері арасында тамақтан улану бойынша топтық жағдай тіркелген болатын. Жұқпалы аурулар бөліміне барлығы 14 адам жатқызылды.
Аталмыш факт бойынша департамент пен аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары қозғалған қылмыстық іс аясында кәсіпкерлік субъектісі жалға алған колледж асханасына жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Эпидемиологиялық тексеру барысында науқастарда жүрек айнуы, құсу, сұйық нәжіс түріндегі белгілер болған, олар колледж асханасында тамақтанумен байланысты екені анықталды.
Бүгінде барлық студент қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылып, дәрігерлердің бақылауына алынды.
Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша асхананың 3 қызметкерінен патогенді стафилококктың тасымалдануы анықталды, дайын өнімнің барлық үлгілері микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеді, - делінген хабарламада.
Ауруханаға жатқызылған студенттердің талдауларында патогенді алтын стафилококк анықталды.
Инфекцияның көзі қоғамдық тамақтандыру қызметкерлері болуы мүмкін.
Тексеру барысында санитарлық ережелерді бұзу фактілері анықталды: тамақ өнімдерін сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарсыз пайдалану, сақтау шарттары мен пісіру технологиясын бұзу.
Мамандар індет ошағында профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданатын болады.