Студенттердің шағымы. «Астана» университетін тексеру басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Астана» университеті студенттері ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұжымдық үндеу жолдады. Құжатта студенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ оқу процесін бұзу туралы мәліметтер айтылған. Бүгін осы мәселе бойынша ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті оқу орнына тексеріспен барды.

Білім және ғылым министрлігіне «Астана» университеті студенттері атынан өтініш келіп түсті. Өтініште студенттер ұстаздарының жұмыстан босатылғанын, дипломдық жұмыстарының ғылыми жетекшілерінің болмауы және бітірушілердің диплом алмағандары туралы айтқан. Сонымен қатар студенттер басқа ЖОО-на ауысу үшін керекті құжаттарды ала алмай жүргендерін мәлімдеді. Осы мәселелерді студенттер министрлікке жазған өтініште көрсеткен. Осы құжаттың негізінде министрлік Астана университетінде тексеріс өткізуді жоспарлады. Өтінішке 4 курсқа өткен 14 студент қол қойған. Жұмыс тобы 7-11 қыркүйек аралығында 5 күн бойы тексеріс жұмыстарын жүргізеді, - деді Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті сарапшысы Гүлнар Ерманова.


Сарапшының айтуынша, өтініште қандай сұрақтар келсе, жұмыс тобы сол сұрақтар бойынша ғана тексеріс жұмыстарын жүргізуге міндетті. 


Біз 4 курс студенттеріміз. Дипломдық жұмысымызды жазуды бастадық. Жазға қарай дипломдық жұмыс бойынша мұғалімдермен байланысуымыз қажет болды. Алайда біз олардың жұмыстан шығып кеткенін білдік. Кейін университетпен байланысуға тырыстық. Дегенмен олардың тарапынан кері байланыс болмады. Студенттерге басқа университетке ауысуға болады. Бірақ ол үшін біз жеке құжаттарымызды ала алмай отырмыз. Қазір оқу жылы басталса да, әлі күнге дейін ешқандай ақпаратты ала алмадық, - дейді университеттің 4 курс студенті Шыңғыс Каримов.

Студенттердің айтуынша, олардың салалары бойынша 3 мұғалім болатын. Олар қазір жұмыс істемейді. Бірі жұмыстан шығып кетсе, екіншісі денсаулығы бойынша жұмыста емес, ал үшіншісімен байланысу мүмкін болмаған.


Топта 25 студентпіз, оның қалада болған 14-і өтініш жазып, қол қойды. Халықаралық қатыныстар факультетінде оқимыз. Бұған дейін қазақ және орыс 2 тобы болдық, қазақ тілді мұғалім жоқтығынан екі топты біріктіріп тастады. Әдетте университеттен тамызда оқудың қай уақытта басталатынын хабарлап айтатын. Ал бұл жылы университеттен бір хабар болмады. Өзіміз хабарлассақ, телефонға жауап та бермейді. Қазір бәрі қашықтан оқуды бастап кетті. Ал бізге әлі сабақтың қашан басталатыны туралы еш ақпарат бермеді. Біз ақылы форматта оқимыз. Жылына орташа есеппен 450 мың теңге төлейміз. Осы жылға әлі оқу ақысын төлемедік. Тіпті оны төлеудің қажеті бар ма, жоқ па білмейміз. Университеттен студенттерге хабарласып, оқудың 30%-ын төлеу туралы айтылған. Төлеуге қарсы емеспіз. Алайда алдағы уақытта университет жағдайы қалай болатынын білмейміз. Жабыла ма, әлде жұмысын жалғастыра ма... Бізге зерттеу жұмыстарын аяқтауға көмектесетін мықты мұғалім қажет. Сонымен қатар университет өндірістік практиканы өтуге де көмектескенін қалаймыз. Ол қаңтар мен наурыз аралығында болады, - деді халықаралық қатыныстар факультетінің 4 курс студенті Зарина Ахметова. 



Тексеріс келгенде оқу орнының басшылығы болмады. Ректор Алматы қаласына біліктілікті арттыру курсына іссапармен кеткен. Алайда университетте оның міндетін атқарушы қызметкер немесе проректор болуы қажет. Бірақ басшылық қызметтен ешкім келмеді. Университет қызметкерлері жарты сағатта келетін оқу орнының заңгерін күтуді сұрады.
1 қыркүйектен бастап сабақтар басталды. Сіздердің ғылыми жетекшілеріңіз осы күнге дейін тағайындалуы қажет болатын. Қазір заңгер келген соң, қалай болатынын көреміз. Оны тексеруді тағайындау туралы актпен таныстырамыз. Егер тексеріске кедергі келтірсе, онда әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасын толтырып, материалдарды жинап, істі сотқа жолдаймыз. Ал сіздердің өтініштеріңіздегі басқа университетке ауысу сұрағы бойынша жұмыс істейміз. Бұл сұрақты бақылауда ұстайтын боламыз, - деді өтініш жазған студенттерге тексеріске келген жұмыс тобының сарапшысы Гүлнар Ерманова.
Сарапшының айтуынша, студенттердің дипломдық жұмыстарының жетекшелері болуы керек. Ал өтініште олардың бәрі жұмыстан шығарылғандығы жазылған. 
Осы жылы жоспар бойынша ақпан айында «Астана» университетін тексеру жұмысы жүргізілуі тиіс болатын. Ол кезде де университет қарсылығын танытып, комиссияға ешқандай құжат бермеді. Сондықтан осы мәселе бойынша тиісті құжаттар әзірленіп, сотқа жіберілген болатын. Ал қазіргі мәселе студенттердің өтінішіне байланысты. Олар өтінішті тамыздың аяғында жазды, - деді Ерманова.
 


Министрлік тарапынан 6 сарапшыдан тұратын жұмыс тобы құрылды. Бүгін ЖОО-на жоспардан тыс тексеріс өткізуге келіп тұрмыз. Өздеріңіз көргендей басшылықтан ешкім жоқ. Күткен заңгеріміз келді. Алайда ол ешқандай құжатын, аты-жөнін толық айтпады. Біз осы университетте нақты жұмыс істейтінін, істемейтінін білмейміз. Заңнамаға сай, өкілетті адам құжатпен танысып, актке қол қоюы қажет. Өтініштің мән-жайын өкілетті адамға таныстыруымыз тиіс болатын. Өтініште көрсетілген ескертулер анықталатын болса, әкімшілік хаттама толтырылады. Заңнамаға сай, оларға айыппұл салынуы мүмкін. Онымен қоса, оқу орнының лицензиясын министрлік уақытша 1 айдан 6 айға дейін тоқтата алады. Осы уақыт аралығында көрсетілген ескертулерді университет жоюлары қажет болады. Ал егер ескертулер жойылмаса, онда ЖОО-ның лицензиясын кері қайтару мәселесі көтеріледі, - деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасының орынбасары Ғалымжан Жұмашев.

   
Оның айтуынша, қазіргі таңда «Астана» университетінің лицензиясы бар. 
Осы жылы ақпандағы жоспар бойынша жүргізілетін тексеріске университет тарапынын кедіргі келтіру болды. Сондықтан әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа бұл іс жолданған болатын. Нәтижесінде университетке 100 АЕК айыппұл салды. Дәл осындай жағдай өткен жылы да болған, - дейді комитет өкілі.


Университет 11-13 тамыз аралығында аккредитациядан өтті. 28 тамыздан бастап биыл бітірген студенттер дипломдарын алып жатыр. Университетте оқу жылы 10 қыркүйекте басталады. Індет тарап жатқанда мекеменің көп мұғалімі ауру жұқтырды. Өкінішке қарай, бір мұғалім қайтыс болды. Сол себепті мұғалімдер ауруларынан айығып, 10 қыркүйектен жұмыстарына кіріседі. Университеттің сайтында көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы студенттер байланыса алады. Академиялық күнтізбеге байланысты 25 тамызға дейін кез келген студент басқа университетке ауысыға құқы бар. Ал студенттердің шағымын біз енді ғана хабардар болып отырмыз. Сондай-ақ, індетке байланысты университет аккредитациядан кеш өтті. Сондықтан 28 тамыздан бастап биыл бітірген студенттерге диплом беріліп жатыр, - деді «Астана»  университетінің қабылдау комиссиясы хатшысының орынбасары Алмас Халелов.  

Магистратураға тест тапсыру үшін студенттер тиісті құжаттар тапсыру қажет. Алайда, университет студенттерге дипломды беруді кеш бастады.
Магистратураға құжат тапсыратын кезде диплом қажет емес. Біз студенттерге анықтама бердік. Анықтамада диплом қорғағаны көрсетілген. Кейін дипломды алған студенттер қажетті оқу орындарына барып, магистратураға құжаттарын тапсыруға үлгерді, - дейді Алмас Халелов.
Оның айтуынша, оқу бөлімі әр курстың «старостасына» оқу 10 қыркүйекте басталатыны туралы хабарлады. Ал өтініш жазған студенттер ешкім хабар бермегені жөнінде шағым айтуда.
Біз өтінішті бүкіл әлем осы мәселені білсін деп жазған жоқпыз. Біз өзіміздің болашағымыз үшін алаңдадық. Себебі оқуды тәмамдаған 4 курс студенті бізге хабарласып, дипломын ала алмағанын айтты. Әрине, бұл біздің болашағымыз үшін қауіпті. Көбіне магистратураға түсуілері керек. Кейбірі шетелге оқуға кеткілері келеді. Ол үшін диплом қажет, - дейді университеттің студенті Зарина Ахметова.
Комитет өкілінің айтуынша, университетке тексеріске кедергі келтіру бойынша әкімшілік хаттама толтырылады.

Университет заңгері жұмыс тобының құжаттарымен танысты. Алайда оқу орнының тексеріске қажетті құжаттарын беруден бас тартты. Себебі оқу орнының ректоры Алматы қаласында болғандықтан, оның міндетін атқарушы қызметкер жоқ екен. Ертең болады деген жауап алдық. Дәл бүгін ондай маман жоқ. Заңгердің айтуынша, ертең бұйрық шығуы мүмкін. Заңгер өтінішпен, ұжымдық шағыммен танысты. Енді қазір құжаттарыңызды бересіз бе десек, заңгер «құжаттарды беруге құқым жоқ» деп, теріс айналып кетті. Енді өз тарапымыздан құжаттарды өтініште көрсетілген мәліметтер бойынша растамауы жайлы көрсетулері керек екенін айттық. Дегенмен заңгердің сөзінше, оның құжат көрсетуге құқығы жоқ. Тексеріске кедергі келтіру бойынша әкімшілік хаттама толтырылады. Мұны да ескерттік. Ескертуге қарамастан, теріс бұрылып кетті. Заңнама сай әр қадам бойынша тексеріс жүргіземіз. Министрлік осындай жауап алса, басқа студенттер қандай жауап алады?! Министрлік өкілдері университетке келдеріне 2 сағаттай уақыт болды, әлі 1 қабатта тұрмыз, - деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасының орынбасары Ғалымжан Жұмашев


 Магистратураға құжат тапсыру кезінде диплом болуы шарт. Ешқандай анықтама қағазы жүрмейді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы