Бүгiн 2026, 14:44 Фото: видеодан скриншот

Студенттер мен жұмысшыларды қорқытқан: Павлодар облысында бопсалаумен айналысқан топ ұсталды

Павлодар облысында құқық қорғау органдары ауқымды арнайы операция жүргізді.

Павлодар облысында бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды.

Облыстың бірден екі қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері мен ҰҚКД қызметкерлері Ақсу және Екібастұз қалаларының аумағында бірнеше рет бопсалау қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген адамдар тобының заңсыз әрекетінің жолын кесті.

Алдын ала мәліметтер бойынша, күдіктілер қорқыту арқылы азаматтардан жүйелі түрде ақша талап еткен. Зардап шеккендердің қатарында оқу орындарының студенттері мен ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері бар.

Тінту шаралары барысында ақшалай қаражат, ұялы телефондар, банк карталары, құжаттар және іс бойынша дәлелдемелік маңызы бар өзге де заттар тәркіленді. Сондай-ақ күдіктілер пайдаланған автокөліктер арнайы айып тұрағына қойылды.

– Бопсалау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Полиция органдарына 10 адам жеткізіліп, олардың төртеуіне қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығының орынбасары Диас Қадыров.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте ақша бопсалаумен айналысқан блогер мен сыбайластары ұсталды.