"Жоқ" десе де қоймай, SMS жазатындар 5 жылға сотталуы мүмкін
Қазақстанда аңду (сталкинг) үшін жаза күрт қатаңдайды.
Қазақстанда сталкинг жасағандарға жазаны қатаңдату мәселесі көтерілді. Бұл туралы Мәжілісте өткен отырыстан кейін кулуарда Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда сталкингке қатысты 115-1 бап бойынша қатаңдату мәселесі қарастырылып отыр. Қылмысты қайталап жасауға қатысты ұсынып жасадық. Белгіні Қылмыстық кодекске ұсынып, қылмысты орта дәрежелі қылмысқа жатқызып, 5 жыл бас бостандығынан айыру мәселесін қарастырамыз. Қазір осыны көтеріп отырмыз, - деді Әділов.
Оның сөзінше, құқық практикасына сәйкес сот үкімдері шығып жатыр. Ол қайтадан жасалған қылмыстарды дұрыстап саралау үшін белгілерді енгізу қажет деп санайды.
Сталкинг - ол әйелдің мазасын қайта-қайта алу. “Жоқ” десе де, қоймай SMS жазып, үйінің алдынан күтіп алып, қорқытып, тыныштық бермеу, - деп түсіндірді ІІМ өкілі.
Айтуынша, бүгінде сталкинг бойынша 83 қылмыстық іс сотқа жіберілген. Оның ішінде 59 азамат сотталған. Ал жалпы ел бойынша бүгінде сталкинг бойынша 279 іс қозғалған.
Бұған дейін қорқыту мен бопсалау арқылы некеге мәжбүрлеу қылмыс саналатыны жайлы айтылған еді.