СҚО тұрғыны діни насихат көбейгеніне шағымданды
Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Пандемия кезінде Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары діни үгіт-насихатпен жиі қақтығыса бастады.
Оларды қалалық телефондарына қоңырау шалып, хат жолдау арқылы өз қатарына қосуға тырысады.
Біздің редакциямызға Петропавл қаласының тұрғыны Тамара Степановна хабарласып, діни насихаттың жүргізілуіне наразылығын білдірді.
Тамара Степановнаның айтуынша, биылғы жылдың қаңтар айының соңында белгісіз адамнан мазмұны күмән тудыратын хат келген:
Сәлеметсіз бе, құрметті қала тұрғыны! Сізбен жеке кездесе алмайтындықтан,осы хатты жазып отырмын. Керемет әлемнің келер күні алыс емес. Мен бұл жаңалықпен барлық адаммен бөлісіп отырмын... Құдай патшалығы – барлық жаһандық мәселені біржола шеше алатын жалғыз үкімет...
Хатта оқырманға қызықты ақпаратты «JW.org» ресми сайттан іздеу ұсынылып немесе хатта көрсетілген телефон нөмірі арқылы оны жолдаушымен хабарласуға кеңес берілген. Сайтты ашқан Тамара Степановна сайттың «Ехоба куәгерлері» діни ұйымына тиесілі екеніне көз жеткізеді. Өйткені ол аталған ұйым қызметімен жақсы таныс. Бұған дейін отбасында «Ехоба куәгерлерінің» кесірінен талай қиындықтар болған.
Бірнеше жыл бұрын екі әйел менің анамның үйіне барғыштап жүрді. Сырттай қарасаң, жақсы киінген, сыпайы. Негізінен Құдай мен сенім туралы айтатын. Анам маған әңгіме арасында жаңа таныстары туралы әңгімеледі. Бірақ, шынымды айтсам, аса мән бермедім. Өйткені Жаратқанның барына сенуші едім. Сондықтан анамның бөтен адамдармен кездесіп жүргенінде еш оғаштық жоқ деп санадым. Ол зейнеттегі адам, мен баламмен бөлек тұратынмын. Жалғыз өзі зеріккенде араласатын адамдардың болғаны жақсы деп пайымдадым. Сол кезде жұмысбасты едім, оның да әсері болған шығар, - дейді Тамара Степановна.
Кейіпкеріміздің айтуынша бейтаныс әйелдермен араласа бастағаннан кейін анасының мінез-құлқы өзгеріп сала берген.
Анам екі әйелмен бірге Інжілді және «Сторожевая башня» журналын оқи бастады. Шіркеуге барып жүрді. 3-4 айда мінез-құлқы өзгере бастағанын аңғардым. Ол әрдайым көңілді жүретін, күн сайын бізге қоңырау шалатын. Енді ат құйрығын кескендей мүлде хабарласпай қойды. Әңгімелессек болғаны әрдайым діни сенім, ақырзаман туралы ғана айта беретін. Ол тіпті өзінің туған күнін атап өткісі келмеді, оған мұндай мерекенің енді қажет емес екеніне имандай сендіріп тастаған. Маған біреу отбасымда осындай жағдай болатынын айтса, сенбес едім. Жаңа жыл мейрамы жақындаған сәт еді. Бұл біздің отбасы мүшелерінің ең сүйікті мерекелерінің бірі болатын. Анам жыл сайын шырша сатып алып, бірге құратынбыз. Бір-бірімізге сыйлық дайындайтынбыз. Қонақтар келіп, уақытты көңілді өткізетінбіз. Мен жайлы үй, шырша иісін сезініп, қазірдің өзінде бұл қызықты сәттерді есіме аламын. Енді оның барлығы келмеске кеткендей, - дейді ол.
Уақыт озған сайын жағдай тіпті күрделене түскен.
Жаңа жыл қарсаңында әдеттегі дәстүрге сай анамды үйге қонаққа шақырдым. Жұмыста бөгелетін болғандықтан одан мерекелік дастарханға тамақ әзірлей беруді өтіндім. Үйге кіріп келгенде көргенімнен жағамды ұстадым. Анам шыршаны далаға лақтырып жіберіпті. Балам да не болғанын түсінбей шошып қалған. Ол бізге Жаңа жыл мереке емес екенін, оны атап өтуге болмайтынын айтты. Оның айтуынша, жаңа әлем орнайды, біз Ехобаға сенуге міндетті екенбіз. Бастан өткен сол күндерді қалай ұмытарсың? Есіме түссе әлі күнге дейін денем түршігіп кетеді, - дейді Тамара.
Кейіпкеріміз жақын адамның психикалық жағдайы нашарлағанын бірден түсінген. Анасын өзіне жат діни ағымнан арашалау үшін шіркеуден көмек сұраған.
Осы оқиғадан кейін бәріміз бірге тұратын болдық. Шіркеу қызметкері бізге көмектесті. Қазір анамның бұрынғы оғаш ойлары жоқ, - дейді Тамара Степанова.
Кейіпкеріміздің айтуынша, кейіннен оның отбасы мүшелері қайтадан діни үгіт-насихатқа тап болған.
Мен бұл кездейсоқтық па, жоқ па білмеймін. Бірақ, өткен жылдың қараша айында телефон соғып «Құдайға сенесіз бе?» деп хабарласқан болатын. Ал енді тағы да осындай хат келді. Тек онда ешқандай бақыттың жоқ екенін мен енді анық білемін, - дейді ол.
Сарапшылардың мәліметінше, коронавирустық пандемия басталғалы қашықтықтан жасалатын насихат көбейген. «Конфессияаралық және этносаралық қатынастарды зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сәуле Сүлейменова, СҚО тұрғындары оған бірнеше рет жүгінгенін айтады.
Өкінішке қарай, бұл солтүстік қазақстандықтардың діни үгіт-насихатқа тап болған алғашқы жағдай емес. Бірнеше тұрғын менің көмегіме жүгінген болатын. Адепттер нөмірлер мен мекенжайларды көптеген қайнар көзден біледі. Бұл қазір проблема емес. Бәрі қолжетімді. Тұрғындардың айтуынша, олар әңгімені тұрмыстық тақырыптан бастап, сосын әңгімені баяу түрде дінге ауыстырады. Егер сіз діни насихатқа ұшыраған болсаңыз, сіз әңгімені тоқтатуға құқылысыз немесе дін істері басқармасының көмегіне жүгіне аласыз, - дейді Сәуле Сүлейменова.