Спорттық медицина: Қазақстанда қандай орталықтар мен технологиялар енгізіліп жатыр?
Қазақстанда спорттық медицинаны дамыту бағытында қандай орталықтар жұмыс істеп жатыр? Спортшылардың денсаулығын бақылауда жаңа технологиялар мен жасанды интеллектінің мүмкіндігі қандай?
Қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Алайда жеңістің артында тек жаттығу мен бапкердің еңбегі ғана емес, спортшының денсаулығын бақылау, жарақаттың алдын алу және қалпына келуіне жағдай жасау да тұр. Соңғы жылдары елімізде спорттық медицинаны дамытуға, мамандар даярлауға және ғылыми технологияларды енгізуге басымдық беріліп келеді. BAQ.KZ тілшісі Қазақстандағы спорттық медицинаның қазіргі әлеуетін зерделеп, саладағы негізгі өзгерістерге шолу жасады.
Спортшының денсаулығын кім бақылайды?
2026 жылдың басынан бері қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Атап айтқанда, отандастарымыз әлем чемпионаттарында 43, Азия чемпионаттарында 48 рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Жалпы ел спортшылары 341 медаль иеленді. Оның 103-і – алтын, 106-сы – күміс, 132-сі – қола. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстандық спортшылар 2026 жылы қанша медаль жеңіп алды?
Спортшылардың мұндай нәтижеге жетуіне жаттығу процесімен қатар, медициналық сүйемелдеудің де ықпалы зор. Өйткені жоғары деңгейдегі спортта физикалық жүктеме көп, ал ағзаның мүмкіндігін дұрыс бағаламау жарақат алу қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан спорттық медицина тек жарақат алған спортшыны емдеумен шектелмейді. Оның негізгі міндеті – спортшының денсаулығын жүйелі бақылау, физикалық мүмкіндігін бағалау, ауру мен жарақаттың алдын алу, сондай-ақ жарыстан немесе операциядан кейінгі қалпына келуіне көмектесу.
Қазақстанда бұл бағыттағы жұмысты Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығы үйлестіреді. Орталық ұлттық құрама командалардың спортшыларын және олимпиадалық резерв жүйесіндегі білім алушыларды медициналық қамтамасыз етеді.
Орталықтың ресми мәліметіне сәйкес, оның қызметі бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, спортшылар алдын ала, мерзімдік және тереңдетілген медициналық тексеруден өтеді. Функционалдық диагностика арқылы жүрек-қантамыр, тыныс алу жүйелерінің жағдайы, ағзаның физикалық жүктемеге төзімділігі бағаланады. Дәрігерлер тексеру қорытындысы бойынша спортпен шұғылдануға медициналық рұқсат беріп, жаттығу процесіне бақылау жүргізеді.
Орталықтың тағы бір маңызды жұмысы – диспансерлік бақылау. Бұл спортшының денсаулығын бір реттік тексерумен шектемей, тұрақты түрде қадағалауға мүмкіндік береді. Мамандар ағзаның жаттығу мен жарыс жүктемесіне бейімделуін бағалап, қажет болған жағдайда профилактикалық немесе емдік шараларды ұсынады.
Сонымен қатар орталық спорттық жарақаттар мен аурулардың алдын алу, оларды ерте анықтау, операциядан кейінгі оңалту жұмыстарын жүргізеді. Қалпына келтіру бағдарламалары физиотерапия, емдік дене шынықтыру және массаж әдістерін қамтиды. Ұлттық құрама командаларға оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар кезінде медициналық қолдау көрсетіліп, жедел көмек пен дәрілік қамтамасыз ету ұйымдастырылады.
Елордада жыл сайын 7 мыңға жуық спортшы медициналық көмек алады
Спорттық медицинаның қолжетімділігі тек ұлттық құрама спортшыларымен шектелмеуі керек. Балалар мен жасөспірімдерден бастап, кәсіби спортшыларға дейінгі әр санаттағы адамның денсаулығын бақылау маңызды.
Мәселен, Астанада 800-ден астам спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 36 ірі спорт кешені бар. Қаладағы спорт инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік және жеке инвестициялар есебінен жүргізіліп келеді.
Елордадағы спорттық медицина орталығы жыл сайын 7 мыңға жуық спортшыға қызмет көрсетеді. 2026 жылдың басынан бері орталық мамандары оңалту мәселелері бойынша 200-ден астам кеңес беріп, 2 мыңнан астам қалпына келтіру емшарасын жүргізген. Бұл көрсеткіш спортшыларды медициналық қолдау мен оңалту қызметіне сұраныстың бар екенін көрсетеді.
Жалпы, спорттық медицина мамандарының жұмысы спортшының жарысқа қатысуына рұқсат берумен ғана аяқталмайды. Олар жаттығу кезеңінде де спортшының функционалдық жағдайын бақылап, жүктемені ағзаның мүмкіндігіне қарай реттеуге көмектеседі. Мұндай тәсіл жарақаттың алдын алып қана қоймай, спорттық нәтижені тұрақты сақтауға да мүмкіндік береді.
Ғылым мен технология спорттық медицинаға қалай енгізіліп жатыр?
Соңғы жылдары Қазақстанда жоғары жетістіктер спортын ғылыми тұрғыдан сүйемелдеуге де назар аударылып келеді. Соның бір мысалы – Performance Hub ғылыми-зерттеу тобының жұмысы.
Туризм және спорт министрлігінің 2025 жылғы 30 маусымдағы мәліметінше, Performance Hub базасында 16 спорт түрінен 150-ден астам спортшы кешенді ғылыми тестілеуден өткен. Оның ішінде бокс, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, биатлон, семсерлесу, еркін күрес және таэквондо өкілдері бар.
Мұндай зерттеулер спортшының дайындығын тек жаттығу нәтижесімен бағаламай, оның ағзасының функционалдық мүмкіндіктерін ғылыми әдістер арқылы зерттеуге бағытталған. Бұл әр спортшының физикалық ерекшелігін ескеріп, жаттығу жүктемесін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Спорттық медицинада жасанды интеллект технологияларын қолдану да қарастырылып жатыр. Туризм және спорт министрлігі BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында AI Sport әзірге жеке жұмыс істеп тұрған ақпараттық жүйе емес екенін түсіндірді. Қазір ведомство спорт саласына жасанды интеллект енгізу мүмкіндіктерін пысықтап жатыр.
Министрліктің мәліметінше, жасанды интеллектіні спортшылардың көрсеткіштерін талдау, жаттығу жүктемесін бағалау және оңтайландыру, нәтижелер динамикасын саралау, сондай-ақ жарақат алу тәуекелдерін бағалау үшін қолдану мүмкіндігі қарастырылуда. Бұдан бөлек, бейнежазбалар арқылы спорттық техниканы талдау да көзделген.
Бұл технологиялар спортшының жеке көрсеткіштерін салыстырып, физикалық жағдайындағы өзгерістерді бақылауға көмектесуі мүмкін. Әсіресе жаттығу жүктемесінің ағзаға әсерін бағалау мен жарақат қаупін алдын ала саралау медициналық сүйемелдеудің сапасын арттыруға ықпал етеді. Дегенмен бұл бағыттағы мүмкіндіктер әлі де пысықталып жатқанын ескерген жөн.
Бұл бағыттағы жұмыстар жаңа технологиялармен де толықтырылып жатыр. Қазақ ұлттық спорт университетінде спорттық медицинаны дамытуға және спортшыларды медициналық сүйемелдеуге бағытталған ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. Университет жанындағы спорттық медицина және оңалту орталығы диагностикалау, емдеу, қалпына келтіру және ғылыми қолдау бағыттарын біріктіреді.
Атап айтқанда, Smart Performance Assessment, Sport Science Control Center + My KNUS және AI Video Analytics for Sports and Digital Biomechanics Lab жобалары спортшылардың функционалдық жағдайын бағалау, жаттығу көрсеткіштерін талдау және қозғалыс техникасын зерттеуге бағытталған. Аталмыш жобалар спортшының жеке мүмкіндіктерін ескеріп, жаттығу жүктемесін оңтайландыруға және медициналық бақылау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Мәселен, Smart Performance Assessment жүйесі спортшының тыныс алу көрсеткіштерін, өкпенің желдетілу деңгейін, жүрек соғу жиілігін және қандағы оттегімен қанығуын талдайды. Жиналған мәліметтер негізінде спортшының цифрлық профилі қалыптастырылады. Бұл оның функционалдық жағдайын бағалап, жаттығу жүктемесін дер кезінде түзетуге мүмкіндік береді.
Ал SportAI қосымшасы спортшылардың цифрлық профилін қалыптастырып, смарт-құрылғылардан алынған деректерді біріктіруге бағытталған. Жүйе жаттығу жүктемесін, функционалдық жағдайды, жарақат алу тәуекелдерін және қимыл-қозғалыс техникасын талдауға мүмкіндік береді.
Университетте жасанды интеллект пен дербестендірілген тәсілді қолдануға арналған ғылыми жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі орта және егде жастағы адамдарды бұқаралық спортқа тартуды көздейді. Екінші жоба қазақ күресімен айналысатын спортшылардың даярлығын жетілдіруге арналған. Ол медициналық-биологиялық зерттеулерді, жеке дайындық тәсілін және жасанды гипоксиялық жаттығуларды қамтиды.
Спорттық медицина мамандары қайда даярланады?
Саланы дамытуда медициналық инфрақұрылыммен қатар, білікті кадрлардың болуы да маңызды. Спорт дәрігері, реабилитолог, физиотерапевт, спорт психологы, диетолог және нутрициологтың жұмысы спортшыны кешенді сүйемелдеуге бағытталған.
Қазақстанда спорттық медицина мамандарын даярлау жүйесі қалыптасып келеді. Мәселен, Астана медицина университетінде Реабилитология және спорттық медицина кафедрасы жұмыс істейді. Университеттің ресми дерегіне сәйкес, 2018 жылы «Спорттық медицина» мамандығы бойынша резидентураға алғашқы қабылдау өткен. Ал 2019 жылдан бастап «Физикалық медицина және оңалту» бағыты бойынша резидентура бағдарламасы іске асырылған.
Бұдан бөлек, университет жоғары медициналық білімі бар мамандарға арналған «Спорттық медицина» сертификаттау курсын да ұсынады. 2025 жылғы оқу жоспарына сәйкес, оның бір бағдарламасы 720 академиялық сағатты немесе 24 кредитті қамтыған.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде де физикалық медицина және оңалту бағыты бойынша екі жылдық резидентура қарастырылған. Оның оқу мазмұнына спорттық медицина мен оңалту мәселелері де енгізілген.
Ал Қазақ ұлттық спорт университетінде спорттық медицина және оңалту орталығы дамып келеді. Мұнда клиникалық практика, ғылыми зерттеу және білім беру бағыттарын біріктіру көзделген. Бұл спорттық медицина саласына қажетті мамандарды даярлауға жаңа мүмкіндік ашады.
Маман даярлау ісіндегі тағы бір маңызды қадам – кәсіби стандарттарды бекіту. 2024 жылғы 25 қаңтарда Денсаулық сақтау министрінің №46 бұйрығымен «Спорттық медицина» кәсіби стандарты бекітілді. Ал 2025 жылы Туризм және спорт министрлігі Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығымен бірлесіп, «спорттық медицина» және «нутрициология» бағыттары бойынша кәсіби стандарттарды әзірледі.
Спортшыны медициналық тексеру талаптары күшейтілді
Спорттық медицина саласындағы өзгерістердің бірі – спортшыларды жарысқа жіберу алдындағы медициналық тексеру тәртібін жетілдіру. 2025 жылғы 8 шілдеде Туризм және спорт министрінің №127 бұйрығымен спорттық жарыстарға қатысу үшін спортшыларды медициналық тексеру қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Құжатта тереңдетілген, кезеңдік, ағымдағы және жарыс алдындағы медициналық тексерулердің тәртібі нақтыланған. Спортшының денсаулық жағдайын бағалау кезінде клиникалық және зертханалық зерттеулермен қатар функционалдық диагностика әдістері де қолданылады.
Олардың қатарында электрокардиография, эхокардиография, спирография, дене құрамын талдау, жүктемелі кардиологиялық тестілеу, буындардың магниттік-резонанстық томографиясы, қандағы лактат деңгейін анықтау және арнайы төзімділікті бағалау әдістері бар. Қажетті тексерулер спорт түріне, жарыстар мен жаттығу жиындарының жиілігіне және әр спортшының жеке ерекшелігіне қарай тағайындалады.
Ережеге сәйкес, медициналық тексеруден өтпеген спортшылар жарысқа жіберілмейді. Ал жарыс алдындағы тексеру әр жарыстың алдында өткізіледі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландырудың жаңа жүйесі енгізілді. Енді бір баланы даярлауға бөлінетін жылдық қаражат 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаттықтырушы-оқытушыларға кәсіби шеберлігі үшін 30% мөлшерінде қосымша ақы белгіленді.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан легионерлерді бюджеттен қаржыландыруды тоқтатты: Спортта 8 млрд теңге үнемделді