Спорт мектептеріндегі жаттықтырушылар 40 мың теңге жалақы алады – МСМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілеген отырысында оқушыларға арналған спорттық секциялар және спорттық мектептердегі жаттықтырушылардың жалақы мәселесі көтерілді.
Бүгінде БҒМ спорттық секциялардағы сабақтар үшін оқушыларға абонемент алуға қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Бұл елімізде тегін секциялардың жоқтығына дәлел болып отыр деп ойламайсыз ба? Министрлік есептерінде тегін секциялар бар деп естиміз, - деп сұрақ қойды Сенат депутаты Серік Бектұрғанов
Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов бұл мәселе бойынша білім және ғылым министрлігімен тығыз жұмыс істейтінін айтты.
Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен (премьер-министрдің орынбасары – авт.) БҒМ-мен спорт залдары және инфрақұрылымдарының қолжетімділігі бойынша шарт-меморандум келісілді. Оқушылардың абонементі бойынша айтар болсақ, барлық өңірді аралап шықтық. Дене шынықтыру мұғалімдеріне секцияны жүргізгені үшін қосымша ақы төлеу мәселесі бар. Бұрындары базалық қызметтік жалақының 45% төленетін. Қазір мұны алып тастаған соң өз ісіне берілген дене шынықтыру мұғалімдері ғана қалды. Сол себепті бұл мәселені бұқаралық спорт туралы заң жобасында көтергіміз келеді. Бұдан бөлек балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріндегі жаттықтырушылардың жалақысы өте төмен, олар шамамен 40 мың теңге алады. Олардың еңбекақысын көтермесек жақын екі жылда резерв болмайды, - деп сөзін түйіндеді ол.Айта кетсек, бүгін ҚР Парламенті Сенатында кейбір заңнамалық актілерге дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралған болатын.
Допингпен ұсталғандарды жазалау өзгертілетіні туралы осыған дейін жазғанбыз. Сондай-ақ, жыл басынан бері 37 допинг ережесін бұзу фактісі анықталғанын хабарлаған болатынбыз.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы