Жаңа Конституция және сөз бостандығы: Судья БАҚ пен блогерлер үшін не өзгергенін түсіндірді
Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін журналистер мен блогерлердің құқықтары мен жауапкершілігіне қатысты сұрақтар көбейді. Сөз бостандығының шегі қайда, қандай жарияланымдар сот дауына себеп болуы мүмкін және шенеуніктерді сынауға бола ма? Осы және өзге де сауалдарға судья, Qazaq Expert Club сарапшысы Динара Куйкабаева BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.
Сарапшы ең әуелі 1995 жылғы Конституция да, жаңа Конституция да сөз бостандығына, ақпаратты еркін алу және тарату құқығына кепілдік береді әрі цензураға тыйым салатынын атап өтті.
Ескі Конституция да, жаңа Конституция да сөз бостандығына, ақпаратты еркін алу және тарату құқығына кепілдік береді әрі цензураға тыйым салады. Бұрынғы Конституцияда бұл нормалар 20-бапта болса, жаңа Конституцияда 23-бапта бекітілген. Сонымен бірге бұрынғы Конституцияда да осы құқықтарды жүзеге асырудың белгілі бір шектері қарастырылған еді, - дейді судья.
Оның сөзінше, жаңа Конституция бұл қағидаларды егжей-тегжейлі нақтылаған. Атап айтқанда, онда сөз бостандығы мен ақпарат тарату құқығы өзге адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығына және қоғамның моральдық құндылықтарына нұқсан келтірмеуі, қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс екені тікелей көрсетілген.
Алайда мұны дұрыс түсіну маңызды. Бұл жаңа Конституция қабылданғанға дейін адамдар өзге тұлғалардың құқықтарын ескермей, кез келген ақпаратты тарата алды дегенді білдірмейді. Ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғау бұрыннан азаматтық заңнамада көзделген. Мысалы, Азаматтық кодекстің 143-бабы азаматқа оның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот арқылы теріске шығаруды талап ету құқығын береді. Заңда көзделген жағдайларда ол келтірілген залал мен моральдық зиянды өтеуді де талап ете алады, - дейді маман.
Динара Куйкабаева ақпараттың шынайылығына қойылатын талаптар да жаңа Конституцияға дейін болған. «Масс-медиа туралы» заң журналистерге таратылатын ақпараттың дұрыстығын тексеру үшін шаралар қабылдау және жеке әрі заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу міндетін жүктейді.
Ал «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң онлайн-платформа пайдаланушыларына да осындай міндеттер белгілейді. Атап айтқанда, олар жариялайтын контенттің дұрыстығын тексеруге, жалған немесе заңға қайшы ақпарат таратпауға тиіс. Сондықтан мен мұны жаңа ережелердің енгізілуі деп емес, маңызды бір қағидаттың Конституцияда кеңірек әрі нақтырақ бекітілуі деп бағалар едім. Яғни сөз бостандығы мен ақпарат тарату құқығын жүзеге асыра отырып, өзге адамдардың құқықтары мен қадір-қасиетін де құрметтеу қажет, - дейді сарапшы.
Судья ар-намыс пен қадір-қасиетке қол сұғуға болмайды деген норма БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушылары үшін нені білдіретінін түсіндірді.
Ең алдымен бұл норманы жағымсыз жарияланымдарға немесе сыни пікір айтуға тыйым ретінде қабылдамау керек. Мұнда бағалау пікірі мен нақты факт туралы мәлімдеменің айырмашылығын түсіну маңызды. Мысалы, адам: «Мен бұл компанияның жұмысын кәсіби емес деп санаймын» немесе «Менің ойымша, мемлекеттік органның шешімі қате болды» деп айтуға құқылы. Бұл – адамның жеке пікірі. Ал автор белгілі бір оқиға немесе жағдай туралы дәлелденген факт ретінде хабарласа, мәселе басқа. Егер мұндай мәлімдеме адамның немесе ұйымның ар-намысына, қадір-қасиетіне не іскерлік беделіне нұқсан келтірсе, ол сотта қаралуы мүмкін, - дейді сарапшы.
Динара Куйкабаеваның сөзінше, сот тәжірибесінде ұйымға немесе адамға нақты заң бұзушылықты телитін жағдайлар кездеседі. Мысалы, бір дауда құрылыс салушы нысанды қажетті рұқсат құжаттарынсыз салды деген мәлімдеме жарияланған.
Істі қарау барысында құрылыс салушы тарап барлық қажетті рұқсаттардың бар екенін дәлелдейтін құжаттарды ұсынды. Ал ақпаратты таратқан тарап оның шынайылығын растай алмады. Соның нәтижесінде жарияланған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді деп танылды. Сондықтан материал дайындау кезінде сыни баға беру мен нақты факт туралы мәлімдеменің арасындағы айырмашылықты түсіну өте маңызды. Егер автор нақты факт туралы жазса, оның шынайылығын дәлелдей алуы қажет, - дейді маман.
Сарапшы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2026 жылғы 20 мамырдағы №3 «Соттардың ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғау туралы заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысы да соттардың факт пен бағалау пікірін ажыратуына ерекше назар аударатынын атап өтті.
Судья сыни пікірлер, сондай-ақ шенеуніктер мен мемлекеттік органдарды сынау мәселесі төңірегін түсіндірді.
Әрине, сын айту сөз бостандығының құрамдас бөлігі болып қала береді. Жаңа Конституция мемлекеттік органдарды, лауазымды тұлғаларды немесе олардың шешімдерін сынауға тыйым салмайды. Керісінше, 23-бап сөз бостандығын және ақпаратты еркін алу мен тарату құқығын сақтап отыр. Сонымен қатар жауапты мінез-құлық пен заң талаптарын сақтау мәселесі жаңа Конституцияға дейін де көтеріліп келгенін естен шығармау керек. Атап айтқанда, Президент бұған дейін заңға қайшы келетін, азаматтарды бір-біріне қарсы қоятын немесе қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіретін мәлімдемелер мен әрекеттерге жол беруге болмайтынын бірнеше рет айтқан, - дейді Динара Куйкабаева.
Алайда, сарапшының сөзінше, саяси мәлімдемелер мен нақты құқықтық нормалар – екі бөлек мәселе.
Мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаға қатысты сыни пікір білдірудің өзі заң бұзушылық болып саналмайды. Құқықтық баға жарияланымның мазмұнына және заңда көзделген құқық бұзушылықтың бар-жоғына қарай берілуі тиіс. Біреуге айтылған пікірдің ұнауы немесе ұнамауы шешуші фактор болмауы керек. Адам: «Мен әкімдіктің шешімін қате деп санаймын», «Менің ойымша, мемлекеттік орган жеткілікті тиімді жұмыс істемейді» немесе «Лауазымды тұлғаның әрекетімен келіспеймін» деп жаза алады. Бұл – оның жеке ұстанымы. Бірақ егер автор нақты бір заңсыз әрекет туралы дәлелденген факт ретінде мәлімдесе, онда мұндай тұжырым жасауға жеткілікті негіздер мен дәлелдер болуы қажет.
Сондықтан мен жаңа Конституцияның қабылдануын сын айтуға қойылған қандай да бір тыйыммен байланыстырмас едім. Мұнда сөз бостандығы басқа адамдардың құқықтарын құрметтеу және заң талаптарын сақтау қағидаттарымен қатар жүзеге асырылуы керек деген мәселе ғана көтеріліп отыр, - дейді ол.
Судья журналистер мен блогердің құқықтық мәртебесін ажырата білу маңызды екенін атап өтті. «Масс-медиа туралы» заң журналисті кәсіби қызметпен айналысатын тұлға ретінде ерекше құқықтық мәртебеге ие субъект деп таниды.
Журналистің арнайы құқықтары бар. Атап айтқанда, ол ақпарат жинауға, алуға және таратуға, ақпарат сұратуға, оның шынайылығын тексеруге, сондай-ақ заңда көзделген өзге де кепілдіктерді пайдалануға құқылы. Сонымен бірге журналист тарататын ақпараттың дұрыстығын тексеру үшін шаралар қабылдауға және жеке әрі заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге міндетті. Ал блогер көп оқырман жинағаны немесе қоғамдық маңызы бар контентті тұрақты жариялағаны үшін автоматты түрде журналист мәртебесін алмайды, - дейді маман.
Динара Куйкабаеваның айтуынша, «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң инфлюенсерлердің (блогерлердің) құқықтары мен міндеттерін жеке реттейді. Сонымен қатар оларға жарияланатын контентке қатысты заң талаптары қолданылады.
Сондықтан журналист пен блогердің құқықтары мен міндеттері, ең алдымен, олардың құқықтық мәртебесі мен арнайы кәсіби кепілдіктері тұрғысынан ерекшеленеді. Бірақ ол журналист болсын, блогер болсын немесе әлеуметтік желінің қарапайым қолданушысы болсын – бәрі заң алдында жауапты.
Судья заңды бұзбау үшін журналистер мен блогерлер қандай негізгі қағидаларды есте сақтауы керегін, материал жарияламас бұрын нені міндетті түрде тексерген жөн екенін түсіндірді.
Мен материал жариялар алдында әр адам өзіне қоятын бірнеше қарапайым сұрақты бөліп көрсетер едім. Бірінші сұрақ: бұл менің пікірім бе, әлде нақты факт туралы мәлімдеме ме? Егер бұл пікір болса, оны дәл солай – жеке бағалау ретінде жеткізу маңызды. Оны дәлелденген жағдай ретінде көрсетуге болмайды, - дейді Динара Куйкабаева.
Екінші сұрақ: егер мен нақты факт туралы айтып отырсам, оның шынайылығын дәлелдей аламын ба?
Ақпарат көздерін, құжаттарды және оқиғаның мән-жайын тексеру қажет. Қажет болған жағдайда екінші тараптың пікірін сұратқан жөн. Журналистер үшін мұндай міндет «Масс-медиа туралы» заңда тікелей көрсетілген. Үшінші сұрақ: мен болжамды нақты факт ретінде ұсынып тұрған жоқпын ба? Әсіресе тексерілмеген дереккөздерден, әлеуметтік желілерден, анонимді хабарламалардан немесе біреудің сөзінен алынған ақпаратқа өте сақ қарау керек, - дейді судья.
Төртінші сұрақ: жарияланым басқа адамның құқықтарына әсер етпей ме?
Ар-намыс, қадір-қасиет, жеке өмірге қол сұқпаушылық, дербес деректер, адамның бейнесіне қатысты құқықтар және заңмен қорғалатын өзге де құқықтар ескерілуі тиіс. Бесінші сұрақ: мен құжаттың, мәлімдеменің немесе сот актісінің мазмұнын дұрыс жеткізіп отырмын ба? Құжаттағы бір сөйлемді контекстен жұлып алып, оған шын мәнінде жоқ мағына бермеу маңызды, - дейді сарапшы.
Динара Куйкабаева сөз бостандығы – өз пікіріңді еркін білдіру және ақпарат тарату құқығы екенін атап өтті.
Бірақ нақты фактілер туралы айтқанда, біз оған жауапкершілікпен қарап, оның шынайылығын дәлелдеуге дайын болуымыз керек, - дейді маман.
Тағы оқи отырыңыз:
Журналист мәртебесі қалай өзгерді? Қазақстандағы БАҚ саласындағы басты өзгерістер