26 Тамыз 2026, 11:41 Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Ұлдана Мырзуан ісі: Судья Жұбаниязова ісін прокурорға қайтарудан бас тартты

Астана қалалық сотында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық істе  қарап жатқан сот қорғаушы тараптың істі прокурорға қайтару туралы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартты. Соттың пікірінше, қорғаушылар келтірген уәждер істі прокурорға қайтаруға негіз болмайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сәуле Жұбаниязова Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 254-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген айыппен сотқа берілген.

Басты сот талқылауы барысында сотталушының қорғаушысы, адвокат Дәурен Исламбекұлы Қылмыстық-процестік кодекстің 323-бабына сәйкес істі прокурорға қайтаруды сұрады.

Қорғаушы тараптың айтуынша, іс бойынша бірқатар қосымша сараптама жүргізу, мәліметтер сұрату, куәлардан жауап алу және Жұбаниязоваға қатысты айыптаудың шегін нақтылау қажет.

Адвокат бұл мән-жайлар басты сот талқылауын жалғастыруға кедергі келтіреді деп есептеді. Жұбаниязова мен оның қорғаушысы адвокат Алимов та өтінішхатты қолдап, оны толық көлемде қанағаттандыруды сұрады.

Сот неге істі прокурорға қайтармады?

Сот процеске қатысушылардың пікірін тыңдап, қылмыстық істі прокурорға қайтаруға негіз жоқ деген қорытындыға келді.

Сот ҚПК-нің 323-бабына сәйкес, іс прокурорға қылмыстық-процестік заңнаманың басты сот талқылауын өткізуге кедергі келтіретін елеулі бұзушылықтары анықталған жағдайда ғана қайтарылатынын атап өтті.

Сонымен қатар мұндай тәртіп сотқа дейінгі тергеп-тексерудің толық еместігін толықтыру үшін қолданылмауға тиіс.

Сот Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының 2017 жылғы 8 желтоқсандағы №10 нормативтік қаулысының 18 және 22-тармақтарына да сілтеме жасады. Онда басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін елеулі процестік бұзушылықтардың тізбесі нақты көрсетілген.

Соттың тұжырымы бойынша, қазіргі істе ҚПК-нің 323-бабы бойынша істі прокурорға қайтаруға мүмкіндік беретін мұндай негіздер анықталмаған.

Сараптама мен куәлар мәселесі сотта шешіледі

Қорғаушы тарап қосымша сот сараптамаларын тағайындау, куәлардан жауап алу және жаңа дәлелдемелерді сұрату қажеттігін алға тартқан.

Алайда сот бұл мәселелер басты сот талқылауы барысында шешілуі тиіс деп көрсетті.

Сот сондай-ақ ҚПК-нің 323-бабында іс прокурорға қайтарылғаннан кейін тергеудегі олқылықтардың орнын толтыру үшін жаңа дәлелдемелер жинауға жол берілмейтіні жазылғанын атап өтті.

Қорғаушы тараптың бірқатар сот сараптамаларын тағайындау, куәлардан жауап алу және жаңа дәлелдемелерді сұрату қажеттігі туралы уәждері басты сот талқылауы сатысында шешілуге тиіс, – делінген сот шешімінде.

Сот қорғану құқығы бұзылды деген уәжбен келіспеді

Қорғаушылар Жұбаниязованың қорғану құқығына қатысты да бірқатар уәж келтірген.

Алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп тапты.

Соттың мәліметінше, қылмыстық іс материалдарында адвокаттардың Жұбаниязовадан жауап алу кезінде де, іс материалдарымен танысу барысында да қатысқаны туралы деректер бар.

Осыған байланысты сот ҚПК-нің 323 және 344-баптарын басшылыққа алып, адвокат Ислямбекулының қылмыстық істі прокурорға жіберу туралы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартты.

Сот қаулысы түпкілікті және оған жеке шағым жасауға жатпайды.

Алайда тараптар бұл шешіммен келіспейтін уәждерін кейін іс бойынша шығарылатын түпкілікті шешімге берілетін апелляциялық шағымда немесе прокурордың өтінішхатында көрсете алады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлдана Мырзуанға қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаушы тарап сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық-процестік заңнама талаптары елеулі түрде бұзылғанын мәлімдеді. Адвокаттар істі прокурорға қайтарып, анықталған кемшіліктерді жоюды және қосымша тергеу жүргізуді сұрады.