Сөмкедегі патрон: Әуежайда жолаушы әйел ұсталды
Жамбыл облысында әуежайда сөмкесінен патрон табылған әйелге айыппұл салынды.
Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты патронды заңсыз сақтау фактісі бойынша Жамбыл ауданының тұрғынына қатысты істі қарады.
2026 жылғы тамыз айында азаматша Шымкент әуежайынан «Шымкент-Жезқазған» бағыты бойынша ұшуды жоспарлаған. Тексеру аймағынан өту барысында қызметкерлер оның сөмкесінен тегіс ұңғылы аңшылық қаруға арналған 12 калибрлі патронды тапқан.
Кінә хаттамамен, тараптардың айғақтарымен және сараптама қорытындысымен дәлелденді.
Сотта әйел өз кінәсін мойындап, патронды байқамай сөмкесіне салып алғанын және оның сөмкесінде қайдан пайда болғанын білмейтінін түсіндірді.
Криминалистикалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, патрон зауыттық әдіспен жасалған және атуға жарамды.
Сот кінәсін мойындауды, өкініш білдіруді, бірінші рет құқық бұзушылық жасауды және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, айыппұл мөлшерін 30%-ға азайтты.
Сот қаулысымен әйелге ӘҚБтК 482-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 60 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Тәркіленген патрон жойылуға жатады, - деп хабарлады Жамбыл облысы сотының баспасөз қызметі.
Қаулы заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін жасөспірімге тағайындалған бір жылдық түрме жазасы қоғамдық жұмысқа ауыстырылды.