Солтүстіктегі көп адам мәңгүрт болып қалды – жазушы
Бұл туралы ғылыми-танымдық конференцияда жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Конференция рәмізтанушы, ақын Ербол Шаймерденовтің 70 жылдығына арналған болатын. Қазақстан Республикасы Президентінің тұңғыш баспасөз хатшысы болған Ербол Шаймерденұлы Солтүстік Қазақстанның тумасы еді.
Солтүстік Қазақстанда туып ұлтжанды болу – үлкен проблема. Ол жер "Целинный край" болған кезде ұлт үшін қиын жағдайлар болды. Солтүстікте қазақтың керемет, үлкен-үлкен ауылдары бар еді. Бірақ совхоздар құрып, соған бүкіл ақшаны құйып, сол жерде мектептер, жаңағы клубтар, кинотеатрлар ашылған соң қазақ мектептерінің көбі жабылды. Бір ауданда бір қазақ мектебі он жылдық бола ма, әйтпесе бастауыш, сегіз кластық ылғи сондай болатын. Соның бәрін біз көрдік, - деді жазушы.
Алтыншаш Жағанова қазақ тілінде сабақ алмаса да, Жазушылар одағы мен жолдасының арқасында қазақ болып қалғанын айтады. Ал жазушы Ербол Шаймерденовті қазақ ауылында туып, қазақ мектебінде оқыған шығар деп болжады.
Кей кезде “Әй, мыналар орысша сөйлейді, анау-мынау” дегенде мен “Әй, шырағым-ай, қазақ ауылында өсіп, қазақ мектебінде, қазақ дәстүрімен Қызылорда, Жамбыл, Шымкентте оқып, қазақ бола алмай қалсаң, онда не болдың? Ал солтүстіктегі көп адам мәңгүрт болып қалды. Соның ішінде адам болғандар бар. Адам бола алмай қалғандар да көп, - деді ол.
Профессор Бауыржан Омаров қазақ елінің тұңғыш рәмізтанушысы Ербол Шаймерденов туралы пікір білдіргені туралы жазған едік.