Солтүстік Қазақстанда тағы бір сүт фермасы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының Заградовка елді мекенінде заманауи сүт фермасы ашылды.

СҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, өңір басшысы Құмар Ақсақалов жаңа нысанды аралап, жұмысымен танысты. Сүт фермасы соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Кәсіпорынның іске қосылуы нәтижесінде ауыл тұрғындары енді жыл бойы жұмыс істеп, табыс табады.
Мал шаруашылығы өте табысты бизнес, әсіресе сүт өндірісі. Өңір өзін сүтпен толық қамтып отыр. Артылғанын көрші Ресейге сатады. Ешқандай қоспасы болмағандықтан біздің өнімге сұраныс жоғары. Қазір біз осындай фермалардың санын көбейту бойынша шаруалармен тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Мемлекеттен қолдау зор, тиімді субсидия төленеді, - деді Құмар Ақсақалов.

Биыл облыста 3 заманауи сүт кешені іске қосылды. Бұл соңғы 2 жылда ашылған 7-ші ферма. 2020 жылы тағы 10 кешеннің құрылысы басталмақ. Бүгін сонымен қатар, Заградовка елді мекенінде жаңа орталық ашылды. Онда дәмхана, мейманхана, шаштараз, балаларға арналған ойын алаңы бар. Отыз жылдан артық уақыт қаңырап бос тұрған мәдениет үйін жергілікті кәсіпкерлер осылайша іске жаратты. Өңір басшысы диқандарға алғысын білдіріп, осындай үлгілі ауылдар көп болуы керек екенін айтты.
Атқарып жатқан жұмысыңнан нәтиже көргің келсе, халықтың жағдайын жаса. Мұны барлық кәсіпкерлер ұмытпауы тиіс. Заградовка – басқаларға үлгі боларлық ауыл. Биыл мұнда сегіз үй бой көтерсе, келесі жылы тағы оны салынбақ. Хоккей қорабы мен саябаққа дейін бар, басқалар осындай елді мекендерге теңелуі керек, - деді өңір басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін заманауи үлгідегі сүт фермасы Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданында ашылғаны туралы хабарлағанбыз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы