Скринингтік тексеру қызметтері МӘМС пакетінің құрамына кіреді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Скринингтік тексеру қызметтері 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінің құрамына кіреді. Сондықтан профилактикалық тексеруден тек сақтандырылған азаматтар ғана өте алады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында скринингтік тексеруден уақытылы өтудің маңыздылығын атап өтті.
"Өкінішке қарай, адамдар денсаулығын тек ауырған кезде ғана бағалайды. Өз денсаулығын күтпеудің салдарынан түрлі аурулармен ауырады. Дәрігерлер уақытылы қойылған дигноз инсульт, инфаркт, қатерлі ісіктер мен инфекциялық аурулардың алдын алуға болатынын айтады", - деді қалалық әкімдікте өткен брифингте Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.
Оның айтуынша, 40-70 жас аралығындағы әйел адамдарда сүт безінің ісігі жиі байқалады, сондықтан олар екі жылда бір рет скринингтен өту керек.
"30 жастан 70 жасқа дейінгі тұлғалар екі жылда бір рет артериалды гипертония, қант диабеті, глаукома, онкопатология, жүрек ауруларын ертең кезеңнен анықтау үшін емханаға жүгінеді", - деді ол.

Жалпы, Қазақстанда халықты скринингтен өткізу жұмысы басталғанына 10 жылдан асты. Бүгінгі мемлекеттің есебінен тегін профилактикалық тексеруден өтуге болады.
"Соңғы жылдары әйелдер арасында жиі таралған аурулардың қатарына сүт безінің обыры мен жатыр мойнының обыры жатады. Ер адамдарда кездесетін онкологиялық ауру түрлеріне өкпе обыры, қуықасты безінің обыры кіреді. Көп жағдайда науқастар дертті асқындырып, медициналық көмекке кеш жүгінеді. Сондықтан да уақтылы скринингтік тексеруден өту арқылы бұл олқылықтың орнын толтыруға болады", - деді Рүстемова.
Скринингтік тексеру қызметтері 2020 жылдан бастап МӘМС пакетінің құрамына кіреді.
"Бұл ересектер мен балалар профилактикалық тексеруден тек сақтандырылған жағдайда ғана өте алады дегенді білдіреді. Алайда мемлекет балалар үшін төлейтін болады, ал ересектер жеңілдік тобына жатпайтын болса ай сайын медициналық сақтандыру қорына төлем төлеу керек болады. МӘМС жүйесінің мемлекет пен адамдар арасындағы ортақ жауапкершілікке негізделетін байланысты нығайтуда көмегі бар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы адамдарға таңдау мүмкіндігі, қымбат медициналық қызмет түрлері қолжетімді болады", - деп түйіндеді сөзін Әлия Рүстемова.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы