СҚО-да мөңке балықтар жаппай қырылып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстік Қазақстандағы екі көлде балықтар жаппай қырылуда. Тимирязев ауданындағы Москворецкое ауылының маңындағы Үлкен Қақ көлінде мөңке балықтар қырылып жатқаны анықталды.
Жағдаймен танысуға СҚО экология департаментінің қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы барған. Көлге тексеріс жүргізіліп, судан, сондай-ақ зертханалық талдаулар жүргізу мақсатында өлі балықтардың тушасынан сынама алынды, - дейді ауданның экология департаментінің баспасөз қызметі.
Одан бөлек, Қызылжар ауданы Бескөл ауылына жақын орналасқан Қарабек өзенінде де өлі мөңке балықтар табылды.
Ресми деректерге сүйенсек, су қоймасының солтүстік-шығыс жағалауын тексеру кезінде 100 килограм көлеміндегі мөңке балықтардың өлгені анықталды. Жалпы саны 560 килограм мөңке балық жиналып, жойылды.
Мамандар көлге тексеріс жүргізуде. Алынған сынамалар бойынша зертханалық талдау жұмыстары жасалатын болады.
Естеріңізде болса, бұған дейін еліміздің екі өңірінде балық қырылып жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз.