“Сіз - қыпшақсыз”. Тоқаев Мажар үкіметінің басшысына алғыс білдірді

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанмен өткен шағын құрамдағы келіссөзде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құрметті Премьер-министр мырза, ең алдымен, қазақ жеріне қош келдіңіз! Себебі сіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз және Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуға ниет танытқаныңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретіні сөзсіз. Сондықтан бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Виктор Орбан екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады.

Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Соңғы он жылда біз ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күш-жігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзіңізбен ынтымақтаса жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе. Мажарстан әрдайым Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болған. Алдағы уақытта да солай бола береді. Мажарстан мен Қазақстанның байланыстары бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтерілді. Сондай-ақ ықпалдастығымыздың, әсіресе экономикалық қатынастарымыздың әлеуеті зор, – деді Мажар премьері.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет басшының орынбасары Серік Жұманғарин БАҚ өкілдеріне Қазақстан мен Мажарстанның сауда-экономикалық байланысы туралы айтып берді. Ол Бірінші кезекте мал шаруашылығы өнімінің экспортын арттыруымыз керек екенін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы