Сицилияда Этна жанартауының атқылауына байланысты әуежай жабылды
Сицилияда Этна жанартауының атқылауына байланысты әуежай қайтадан жабылды.
Италияның Сицилия аралындағы Катания қаласының әуежайы Этна жанартауының кезекті атқылауына байланысты жұмысын уақытша тоқтатты. dpa агенттігінің хабарлауынша, әуе айлағы жоқ дегенде 14 тамыздағы түнге дейін жабық болады. Тіпті бұл мерзім ұзартылуы да мүмкін.
Жанартаудың атқылауы бірнеше күннен бері Сицилия әуежайларының жұмысына кері әсерін тигізіп жатыр. Жүздеген рейс тоқтатылды, кейбірі кейінге қалдырылды. Ал ұшақтардың бір бөлігі Палермо мен Комизо әуежайларына бағытталды.
Жолаушылар пойыздардың лық толы екенін және такси бағасының шарықтап кеткенін айтуда. Өйткені халық балама әуежайларға жетуге тырысуда.
Шектеулер Мальтаға да әсер етті
Атқылау салдары тек Сицилияда ғана емес, басқа аймақтарда да сезілуде. Times of Malta басылымының мәліметінше, әуе қатынасындағы кедергілер көршілес Мальтаға да әсер етті.
11 тамызда мұнда 19 рейс, ал 12 тамызда тағы үшеуі тоқтатылды. Бұдан бөлек, бірнеше ұшақ айтарлықтай кешігіп ұшты.
Лава мен күл бағаналары
Италия ұлттық геофизика және вулканология институтының (INGV) мәліметінше, өткен аптаның соңынан бері Этна үлкен көлемде вулканикалық күл мен ыстық тас сынықтарын атқылап шығаруда.
Қазіргі уақытта лава 2360 және 2750 метр биіктікте орналасқан екі жерасты тесігінен қатар ағуда, сонымен қатар жақын арада мамандар тағы екі лава ағынының пайда болғанын тіркеді.
Этна Еуропадағы ең белсенді жанартау болып саналады және жылына бірнеше рет атқылайды. Белсенділіктің алдыңғы кезеңі шілде айының басында байқалған еді - ол кезде де Сицилиядағы әуе қатынасында кедергілер тіркелген болатын.
Еске салайық, бұған дейін Этна жанартауы қайта оянып, Сицилиядағы әуе қатынасына әсер еткені хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз:
Фуэго жанартауы қайта атқылады: Гватемада тұрғындар көшірілуде
Cицилияда Этна жанартауы оянды
Алып жанартау қайта оянды: Камчаткада күл 12 шақырым биіктікке атқылады