Бүгiн 2026, 11:54 Фото: видеодан алынған кадр

СІМ: Ресейде ұсталған қазақстандықтардың басым бөлігі босатылды

Қазақстанның Бас консулдығы ұсталған азаматтармен кездесіп, олардың басым бөлігі кейін босатылғаны белгілі болды.

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жүргізіліп жатқан тергеу шаралары аясында Усть-Лугадағы вахталық лагеріндегі жағдайға байланысты ұсталған Қазақстан азаматтарының басым бөлігі кейін босатылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров мәлімдеді.

Оның айтуынша, 28 наурыз күні Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығының өкілдері аталған нысанда еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен, соның ішінде ұсталғандармен арнайы кездескен.

Қазір тергеу шаралары жалғасып жатыр. Соған сәйкес тиісті қорытындылар жасалады. Жұмыс барлық тараппен жүргізілуде, – деді сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары Қазақстан машина жасаушыларының ХІІІ форумының кулуарында берген сұхбатында.

Сондай-ақ ол Қазақстан тарапы өз азаматтарына қажетті консулдық және құқықтық қолдауды тұрақты түрде көрсетіп отырғанын атап өтті.

Әрине, біз үнемі қолдау көрсетіп келеміз, – деді Әлібек Қуантыров.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сыртқы істер министрлігі жағдайды бақылауда ұстап, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмысты жалғастырып отыр.

Еске салайық, 2026 жылғы 26 наурызда Ленинград облысының Усть-Луга вахталық кентінде қазақстандықтардың қатысуымен төбелес болған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ресейдің Ленинград облысындағы Усть-Луга вахталық кентінде қазақстандықтардың қатысуымен болған оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Сондай-ақ, Усть-Лугадағы жаппай төбелеске вахташылар да пікір білдіріп, оқиғаның мән-жайын түсіндіріп берді.

Белгілі болғандай, жаппай төбелеске қатысқан қазақстандықтар  қамауға алынды. ҚР СІМ ұсталғандар туралы мәлімдеді.

Одан кейін СІМ төрт адамның жағдайы туралы айтты.