Бүгiн 2026, 12:15 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

СІМ Ирандағы қазақстандықтарды қалай қайтарып жатқанын айтты 

28 ақпанға дейін билет сатып алған және 1-2 наурыз күндері ұша алмаған қазақстандықтар аталған рейспен елге қайтарылған.

Қазақстан азаматтарын Таяу Шығыс елдерінен елге қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, кеше жоспарланған рейс жүзеге асқан. Flydubai әуе компаниясының шешіміне сәйкес, 28 ақпанға дейін билет сатып алған және 1-2 наурыз күндері ұша алмаған қазақстандықтар аталған рейспен елге қайтарылған.

Вице-министрдің сөзінше, қазіргі уақытта Біріккен Араб Әмірліктері әуе кеңістігін жапқан. Көптеген әуе компаниялары рейстерін тоқтатқанымен, өз жолаушылары алдындағы міндеттемелерін орындауға рұқсат алған компаниялардың рейстері жүзеге асырылуда.

Бұл – билеттерін алдын ала сатып алған азаматтар. Ал билетсіз транзитте жүрген және Біріккен Араб Әмірліктері мен Қатар аумағында тұрып жатқан бірқатар Қазақстан азаматтары көрші екі мемлекет арқылы шығарылатын болады. Бұл – Оман Сұлтандығы. Бүгін Дубайдан біздің азаматтар мінген алғашқы автобус колоннасы жолға шықты, – деді Әлібек Бақаев.

Оның мәліметінше, бүгінгі күннің соңына дейін Оман Сұлтандығынан 467 қазақстандықты елге қайтару жоспарланған.

Сонымен қатар эвакуацияның екінші бағыты Қатар арқылы ұйымдастырылады. Азаматтар автобуспен Қатардан Эр-Риядқа, одан әрі Жидда қаласына жеткізіледі. Жиддадан қазақстандық әуе компанияларының рейстерімен елге оралады.

Иран аумағындағы қазақстандықтар да құрлық жолы арқылы эвакуацияланып жатыр. Олар Армения, Әзербайжан және Түрікменстан аумағы арқылы шығарылуда. Сыртқы істер министрі бұл мәселе бойынша әріптестерімен телефон арқылы келіссөздер жүргізген.

Түрікменстан аумағы арқылы Иранның солтүстігіндегі Горган қаласында болған 18 Қазақстан азаматын алып шығуға мүмкіндік туды. Шекараға ең жақын өткел Түрікменстанмен болғандықтан, осы елдің билігі рұқсат беріп, азаматтарымыз шекараны аман-есен кесіп өтті, – дейді вице-министр.

Еске салсақ, бұған дейін Таяу Шығыстағы қақтығыстарға байланысты Дубай әуежайы жұмысын уақытша тоқтатқан болатын.

Дубай халықаралық әуежайына шабуыл жасалды. Оқиға нәтижесінде күту залы аздап зақымданған, дегенмен жағдай тез арада оқшауланған.

Дубайдың екі әуежайы 2 наурыз күні кешкі уақытта қайта ашылып, рейстерге шектеулі түрде қызмет көрсете бастады.