Сианьнан Алматыға дейін: Жібек жолы қайдан басталады?
Қытайдан Еуропаға теміржол контейнерлерін тасымалдау нарығы соңғы онжылдықта қарқынды дамып келеді. Шетелдік журналистер делегациясы Сиань халықаралық сауда-логистикалық паркінде болып, бұл саланың қалай дамып жатқанымен танысты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Талай ғасыр бұрын Шығыс Азия мен Жерорта теңізінің байланысы Шэньси провинциясындағы Сиань қаласында пайда болған Ұлы Жібек жолы болды. Бүгінгі таңда Сиань – қарқынды дамып келе жатқан қала, ол елдің негізгі экономикалық және мәдени орталықтарының бірі.
Сиань – Қытайдың солтүстік-батысындағы Шэньси провинциясының орталығы. Бұл қала әлем картасында 3100 жыл бойы аспан асты елінің астанасы болған. Сианьның ескі атауы – Чанъань. Ол бір кездері Ұлы Жібек жолы арқылы Қытайға баратын сауда керуендерінің соқпай өтпейтін қалаларының бірі болған.
Осыдан-ақ Шэньси провинциясының қазіргі жаңа Жібек жолы аймақтық штаб-пәтерінің орны әрі әлем сауда коммуникацияларының орталығы екеніне таңқалмауға болады.
Халықаралық көлік дәліздерін салу – Қытайдың сыртқы экономикалық саясатының негізгі бағыттарының бірі. 2013 жылы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ұсынған «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасы Орталық Азия, Еуропа және Африканың 60-тан астам елі мен Қытай арасындағы сауда саласындағы ынтымақтастықтың жаңа моделін құрды.
Сианның дамуы осы ауқымды стратегияның аясында жүзеге асырылып жатыр. Ол инфрақұрылым құруға және Еуразия елдері арасында өзара байланыс орнатуға бағытталған. Стратегия дамудың екі негізгі бағытын қамтиды: Жібек жолының экономикалық белдеуі және Теңіз Жібек жолы.
Сиань халықаралық сауда-логистикалық паркі 2008 жылы құрылған. Оның аумағы шамамен 90 шаршы шақырым.
Парктің өкілі Сюй Сяо Цзан оның қалай дамып жатқаны туралы айтып берді.
Соңғы 5 жылдың ішінде парк жұмысы дами түсті. Күн сайын бұл порттан бірнеше контейнер пойызы аттанады. Логистикалық паркте бірнеше қойма бар. Мысалы, ағаштарға, «Ұлы Жібек жолы» тауарларына, металл тауарларына арналған қойма. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін жинайтын да бөлек қойма бар. Сиань халықаралық сауда-логистикалық құрғақ порты Қытайдағы ең ауқымды парк болып есептеледі, - деп түсіндірді ол.
Картадан Қытайдағы басқа да порттарды көруге болады. Олар қызылмен белгіленген. Мысалы, Чэнду құрғақ порты.
Ең алғашқы контейнерлер тиілген пойыз 2013 жылы аттанған.
Ал 2018 жылы 1235 пойыз жіберілсе, 2019 жылы 2133 пойыз, 2020 жылы 3720 пойыз, 2021 жылы 3841 пойыз, ал биыл, яғни 2022 жылдың тамыз айына дейін 2217 пойыз жіберілген. Мысалы, биылғы шілде айының өзінде 426 пойыз аттанған.
Сонымен қатар порт аймағында қызметкерлерге арнап тұрғызылған шағын аудандар, мектептер, ресторандар, түрлі кешендер бар.
Яғни бұл портта контейнер пойыздарының басы орналасқан. Одан бөлек, Қытай ішіндегі тауарларды жинау үшін біз тағы желі аштық. Мысалы, Ухань қаласынан Сианьға дейін және кейін Сианьнан Еуропаға дейін. Сондай-ақ жаңа маршрут аштық – Вьетнам–Сиань–Алматы бағыты бойынша. Биыл осындай 16 бағыт ашылды. Бұрын тек Сианьнан Алматыға, Европаға және Ресейге ғана жүретін бағыт бар еді. Жылына осы порттан Алматыға қарай 1600-ден астам контейнер пойызы жолданады. Бұл өте көп, - деді порт өкілі.
Айта кетейік, Қытайдың халықаралық баспасөз орталығының 2022 жылғы бағдарламасына қатысып жатқан 21 елдің 26 журналисі Шэньси провинциясындағы ауылдық округтерді аралап, жергілікті тұрғындардың өмір сүру салтымен танысты. Провинцияның өкілдері шетелдік БАҚ өкілдеріне ауылдарды кедейліктен шығару мақсатында жүргізген жұмыстарымен, тәжірибелерімен бөлісті.
Баспасөз туры Сиань қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» медиа ынтымақтастығы форумы аясында ұйымдастырылды. Іс-шараны «Жэньминь жибао» газеті (People’s Daily) өткізді. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Әзербайжан, Армения, Беларусь Республикасы, Латын Америкасы, Оңтүстік Корея, Мысыр, Ресей және басқа да елдер қатысты.
Шэньси провинциясы баспасөз туры елдер арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Бұл ретте биыл Қазақстан мен Қытай дипломатиялық байланыстың 30 жылдығын атап өтіп жатқанын еске сала кетейік.