2 Қыркүйек 2026, 11:17 Фото: Жоғарғы сот

«Шынымен қорқып отырмыз»: Ұлдана Мырзуан ісі бойынша тағы бір куәгер сотта жауап берді

Үй тұрғындары бірнеше жылдан бері мемлекеттік органдарға жүгініп, қайта құлауы мүмкін деп алаңдап отыр

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін сотта оқиға болған үйдің тұрғыны куә Марина Самсонова үйдің техникалық жағдайына қатысты тұрғындар бірнеше жылдан бері мәселе көтеріп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, қазір тұрғындар ғимараттың тағы да құлауы мүмкін екеніне алаңдап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Самсонова бұл үйде 2005 жылдан бері тұратынын айтты. Оның сөзінше, үй пайдалануға берілгеннен кейін бірнеше жылдан соң пәтер қабырғаларында жарықтар пайда болған. Алайда сол кезде тұрғындарға бұл үйдің шөгуіне байланысты қалыпты жағдай ретінде түсіндірілген.

Куәгердің айтуынша, үйде шатырға қатысты мәселе де бірнеше рет болған. Тіпті 2014 жылы шатырдан су ағуына байланысты өзі сотқа жүгінген.

Мен тоғызыншы қабатта тұрамын. Бізде шатырға қатысты мәселе үнемі болатын. 2014 жылы өзім соттастым. Шатырдан су өтіп, ешқандай шара қолданылмаған соң сотқа жүгіндім, – деді Самсонова.

Алайда оның айтуынша, үйдің қазіргі техникалық жағдайы туралы тұрғындар кейін ғана толық ақпарат алған.

Куәгер 2017 жылғы техникалық тексеру қорытындысымен 2025 жылғы 8 қарашадағы оқиғадан кейін ғана танысқанын айтты. Оның сөзінше, құжатта үйдің апат алдындағы жағдайда екені көрсетіліп, төртінші санат берілген.

Мен бұл үйде 20 жылдан астам уақыт тұрып келемін. Үйдің кез келген сәтте құлауы мүмкін екенін білмедім. Сараптама қорытындысында үй апат алдындағы жағдайда деп танылып, төртінші санат берілгенін кейін білдім, – деді ол.

Самсонованың айтуынша, сараптама барысында үйдің кірпіш қалауына қатысты да бірқатар ақау анықталған. Атап айтқанда, оның сөзінше, кей бөліктерде кірпіш сынықтарынан қаланған орындар болған және қалауды бекітетін арматуралық торға қатысты мәселе анықталған.

Куәгердің сөзінше, 2025 жылғы 8 қарашадағы қираудан кейін әкімдік тарапынан үйдің кей бөліктерін күшейту жұмыстары жүргізілген. Құлап кетпеуі үшін фасадтағы кірпіштер алынып, бірнеше қабат швеллермен бекітілген.

Алайда Марина Самсонова қазіргі кезде үйдегі жағдай қайта нашарлап бара жатқанын айтты. Оның сөзінше, соңғы уақытта тоғызыншы қабаттағы дәлізде жаңа әрі ірі жарықтар пайда болып, олар төменгі қабаттарға қарай тарала бастаған.

Қазір біз шынымен қорқып отырмыз. Бұған дейін жарықтар тоғызыншы қабаттан жетінші қабатқа дейін болатын. Қазір төмен қарай тарала бастады. Үйдің бүйір бөлігінде де бұзылу жалғасып жатыр, – деді куәгер.

Оның айтуынша, ғимараттағы жарықтардың өзгеруін бақылау үшін арнайы маяктар орнатылған. Самсонова екінші кіреберістегі маяктардың өзгермегенін, ал өздері тұратын бірінші кіреберістегі кей маяктардың ажырағанын айтты.

Куәгер тұрғындар үйдің жағдайына байланысты мемлекеттік органдарға бірнеше рет ұжымдық хат жолдағанын жеткізді.

Он ай бойы тұрғындар мемлекеттік органдарға үйге назар аударуды сұрап хат жазып келеді. Өйткені әрі қарай құлап кете ме деп қорқамыз. Үйдің жанында балалар алаңы бар. Егер кірпіштер құлайтын болса, адам өлімі болуы мүмкін деп алаңдаймыз, – деді Самсонова.

Оның сөзінше, тұрғындар техникалық сараптама қорытындысын талқылағаннан кейін де тиісті органдарға жүгінген.

Наурыз айында бірден хат жолдадық. Біздің үйде не болып жатқанын тұрғындарға хабарлап отыратын адам бар. Ол қай органдарға жүгіну керегін де айтып отырады. Сондықтан бірден хат жіберілді, – деді ол.

Сотта қорғаушы Самсоновадан үйдің қазіргі жағдайына тұрғын ретінде ықпал ете алды ма деп сұрады. Куәгер мұндай мүмкіндік болмағанын айтты.

Тұрғын ретінде мен үйдің жағдайына әсер ете алмадым. Егер үй бастапқыда осындай ақаулармен салынған болса, оның конструкциясына кейін келген тұрғынның ықпал етуі мүмкін емес. Егер үйдің кез келген сәтте құлауы мүмкін екенін білген болсам, баяғыда көшіп кетер едім, – деді Самсонова.

Куәгер 2025 жылғы 8 қарашадағы қирауға дейін үйдің қираған бөлігіндегі қазіргі сияқты жарықтарды байқамағанын айтты. Оның пәтерінің терезелері аулаға емес, қарама-қарсы бағытқа қарайтындықтан, қираған қасбет бөлігін тікелей көре алмайтынын да жеткізді.

Самсонованың айтуынша, қазір тұрғындар алаңдап отырған негізгі мәселе – үйдің басқа бөліктерінде де осындай жағдай қайталану мүмкіндігі.

Біздің тарапта да осындай кірпіштер болуы мүмкін деп алаңдаймыз. Сондықтан қазір кез келген сәтте қайтадан құлауы мүмкін деп қорқып отырмыз, – деді куәгер.

Еске салсақ, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, бірнеше адам зардап шеккен. Оқиға кезінде жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды.

Бұған дейін Ұлдана Мырзуан ісіне қатысты өрт сөндіруші сотта жауап бергені хабарланды

Ұлдана Мырзуанның қазасынан кейін ТЖД қызметкері қызметінен төмендетілген. Аян Кемпіров сотта оқиға болған күні бөлімше командирі болғанын, алайда кейін басқа өрт сөндіру бөліміне ауыстырылып, өрт сөндіруші қызметіне төмендетілгенін айтты.