«Шыңғыс хан» – Көкше сахнасында

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы қазақ драма театрында Елена Бранчикованың «Шыңғыс хан» драмасының премьерасы көкшелік көрермен назарына ұсынылды.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов сахналаған қойылым қарама-қарсы күштердің өзара қайшылығы, тартысын талқыға салады. Дүниені қалтыратқан қаһарлы қағанның қатал заңы мейірім мен махаббатқа жол бермеуді көздейді.

Ұжым тарихи, аты әлемге әйгілі, әлі күн түгел зерттеліп болмаған, тылсымы көп тұлға Шыңғыс ханның жорық жолында болған екі жастың махаббаты жөніндегі шығарманы сахналаған. Көрермен «Шыңғыс хан» десе қалалар мен далаларды жаулап, кенттердің күлін көкке ұшыру үстіндегі қолбасшыны еске алады. Мұнда ондай көрініс жоқ. Керісінше, екі жастың бір біріне алаулай ғашық болуы, сол жолдағы көзсіз әрекеттері сөз болады.

Тәжірибелі, ізденісі мол, экспериментке барудан еш тартынбайтын режиссер пластика мен биді, әуенді әсерлі, дәл пайдаланған. Биік қалқанның екі жағы екі түрлі жағдайды көрсетіп, тиімді, ұтқыр қолданылады. Сарбаздар қолындағы олар бірде сарай, шатыр қабырғасы, бірде хан тағы, бірде қантөгіс, жауған жебе ретінде көрінеді. Актерлердің шамырқанған мінез-құлық, ширыққан қимыл, бұлқынған ашу-ызалары қосылғанда сахнада өмір қайнап кетті. Әсіресе, Медет Хамзиннің ойыны ерекше риза еткенін жасырғымыз жоқ. Бұрын да өзінің сахна шебері екендігін талай дәлелдеген тарлан бұл жолы да ерекше көрінді. Сөз жоқ, алыс-тартыс жоқ көріністердің өзінде көрерменін жіпсіз байлап, өзіне қарата алды ол. Шыңғысханның аумалы-төкпелі мінезі, жан түршігер қатыгездігі, қулығына найза бойламайтын зымияндығын бүкіл болмысымен паш етуге ішкі қуат-күші молынан жетіп, асып төгіліп жатқандай. Режиссер қай рөлге болмасын актерді дөп басып таңдапты, - деп пікір білдірді ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Серік Сапарұлы.

Актерлер киген костюмдер де жарқын. Өз кейіпкерлерінің кейпін аша түскен. Бұл қойылымды басқаларындағыдай емес, әуен бастан аяқ қолпаштайды, демейді, бірде үрейлендіріп, бірде жадыратады.

Қаған мен Бөрте  екеуінің өбісуі кезіндегі пластика бір ерекше болса, Жамұқаны, Ердене мен Догулангты жазалау көрінісіндегі пластика тағы өз алдына тартымды әсер етті. Шыңғыс хан мен Жамұқа батырдың егесі кезіндегі қимылдар да жүйкеге тиердей жарқын. Айтпақшы, тәжірибесі мол, талант иесі Медет Хамзин сияқты актермен әріптес  болған Зүлкәпіл Бәтіханның да бұл жолы биіктен көрінгенін айта кетуге тиіспіз. Жалмұхан-Зүлкәпіл Шыңғысхан-Медеттей күрделі тұлға, ұлы қаған, қаһарлы ханмен сөз де, күш те таластыра алды. Оның да өн бойынан тараған энергетика көрерменнін магниттей тартты. Ал, қос ғашық Ердене (Асланбек Шайсұлтанов) мен Догуланг (Әсем Шайсұлтанова) жүректері алып ұшқан, арманға қол созған жастар. Бала сүю бақытын кім кейін ысырмақ? Ондай күш бола ма, бар ма дүниеде? Сол сезімдерін құлшынысты да нәзік қимылдармен жеткізе алды - дейді әдебиетші Сәбит Жәмбек.

Сонымен, не көрдік? Ұтымды режуссура, қонымды костюмдер, келісті әуен, би, жарық - сахнаға не керектің бәрі үйлесіммен қосылып, бір сағат, жиырма минуттық толыққанды, жалықтырмайтын, тартымды драма көрдік.

«Жорықта жүріп, дүниеге бала әкелуге болмайды» деген қаған заңы да ұмытылған. Оны кешірер Шыңғыс хан ба?! Екі жасты өлім жазасына кеседі. Арттарында құндақтаулы ұлдары қалады. Ол қарапайым ананың, әбігерге түскен әженің қолында. Қойылым соңында жер-жаһанды жайлаған соғыс өртінен жүректері шайлыққан сарбаздар салдырлатып қан тұтқан қаруларын жерге тастайды, сол құндақтаулы баланы құшақтаған ананы балуан білектерімен көкке көтереді. Соғыс тоқтамақ, балалар аналарының құшағында бейбіт өмір сүрмек. Ақ жол әкеліп, абырой әперер ақ бұлт та енді бала көтерген ана төбесінен көрінеді.

Иә, әрдайым солай болғай. Көрермен осы тұжырымға қол соқты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы