Шымкентте тойдан кейін аспанға оқ атқан ер адам қамауға алынды
Шымкентте тойдан шыққан ер адам мейрамхана маңында сигналды тапаншамен аспанға оқ атқан. Оқиға соңы күтпеген шешімге әкелді.
Қала аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында полиция қызметкерлері мейрамханалардың бірінің маңындағы құқық бұзушылықтың жолын кесті.
34 жастағы қала тұрғыны Бунедбек Юлдашев тойдан шығып, сигналды тапаншамен аспанға оқ атып, айналасындағыларға қауіп төндірген.
Сот шешімімен ер адам 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Одан бөлек, түнгі тыныштықты бұзу және қаруды құқыққа сыйымсыз қолдану деректері бойынша айыппұл салынды.
Полиция ескертеді: қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын кез келген әрекет заң аясында қатаң түрде тоқтатылады.
Еске салсақ, осыған ұқсас жағдай жақында Семейде де болды. Онда мас күйінде дабыл тапаншасынан аспанға екі рет оқ атқан 23 жастағы ер адам 5 тәулікке қамалды.
бұған дейін Талдықорғанда 5 жасар қызын қауіпті жағдайда тасымалдаған әке жауапқа тартылды.