Бүгiн 2026, 11:22 Фото: видеодан алынған кадр

Шымкентте "салық қызметкерімін" деген алаяқ кәсіпкерді 25 млн теңгеге алдап соққан

Шымкентте өзін ҚМА қызметкері ретінде таныстырған азамат кәсіпкерді алдап, 25 млн теңгені иемденген. Күдікті ұсталып, тергеу жүріп жатыр.

Шымкент қаласында өзін экономикалық тергеп-тексеру қызметінің қызметкері ретінде таныстырған алаяқтың заңсыз әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйек айында күдікті азамат өзін ЭТҚ қызметкері ретінде таныстырып, жергілікті компаниялардың бірінің басшысын алдап соққан.

Ол кәсіпкерден медициналық мекемені тексеруге жататын субъектілер тізімінен шығарып беруге ықпал етемін деген желеумен 25 миллион теңге алған.

Қазіргі таңда күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етуге жатпайды.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды сақ болуға шақырып, кез келген күмәнді ұсыныстарды тек ресми дереккөздер арқылы тексеруді ескертті.

Егер сіз осындай алаяқтық әрекеттерге тап болсаңыз, 1458 нөмірі бойынша колл-орталыққа немесе «АФМ Insider» Telegram-боты арқылы хабарласа аласыз, - деп ескертті ҚМА.