Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың концертіне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Адамдардың шамадан тыс көп жиналуынан көрермендердің бірі зардап шеккен. Іс-шараны ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді.
Шымкентте Қайрат Нұртас концерті кезінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Шымкент қалалық полиция департаменті редакцияның сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Полицияның мәліметінше, концертке келген адамдардың шамадан тыс көп жиналуы салдарынан көрермендердің бірі зардап шеккен. Қазіргі уақытта қыз медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында.
Іс-шараны ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Ұйымдастырушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Тергеу нәтижелері бойынша тиісті процестік шешім қабылданады, - делінген ведомство жауабында.
Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады.
Еске салайық, 10 қазанда Шымкентте Қайрат Нұртас концертіне кіреберісте адамдар арасында кептеліс болған. Бұған дейін Freedom Афиша компаниясы оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын және құқық қорғау органдарына қажетті ақпаратты ұсынуға дайын екенін мәлімдеген еді. Компания концертті ұйымдастырушы Show Service болғанын, ал өзі билеттерді сатумен және еріктілердің жұмысымен айналысқанын айтты.