12 Тамыз 2026, 16:05 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Шымкентте 50 мыңнан астам балаға мектепке берілетін көмек тағайындалмады: Басқарма себебін атады

Биыл қалада қаржылық және материалдық көмек алуға 78,5 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 63,6%-ы бойынша көмек тағайындаудан бас тартылған.

Шымкентте білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылық және материалдық көмек көрсету тәртібі цифрландырылды. Биылдан бастап өтініштер «QOSYMSHA» ақпараттық жүйесі арқылы қабылданып, азаматтардың белгіленген санаттарға сәйкестігі автоматты түрде тексеріледі. Бұл туралы Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов Өңірлік коммуникациялар қызметінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес, жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік санаттарға жататын білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылық және материалдық көмек көрсетіледі.

Көмек алушылардың қатарында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдай салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардың балалары, сондай-ақ білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын өзге де санаттағы білім алушылар бар.

Білім басқармасы бұған дейін Шымкенттегі білім беру ұйымдарында көмек алуға құқықты анықтау кезінде бірқатар тәуекел болғанын анықтаған. Атап айтқанда, кей жағдайларда білім алушылардың әлеуметтік мәртебесі дұрыс айқындалмай, талаптарға іс жүзінде сәйкес келмейтін тұлғаларға бюджет қаражаты есебінен көмек көрсетілген.

Көмек алушылардың басым бөлігін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар құраған. Бұл санатты анықтау тетіктерінің цифрландырылмауы немесе қолданыстағы цифрлық шешімдердің өзара интеграцияланбауымен байланысты болған, - деді басқарма басшысы.

Осыған байланысты Шымкент қаласында қаржылық және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін жергілікті бюджет қаражатының көлемі де жыл сайын артып отырған.

Мәселен, 2024 жылы 46 825 білім алушы, 2025 жылы 57 047 білім алушы қаржылық және материалдық көмекпен қамтылған. Ал 2026 жылы бұл мақсатқа 66 мың білім алушыға қаражат қарастырылған.

Осы мәселені шешу үшін Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің жауапты қызметкерлерінің қатысуымен бірнеше жұмыс кеңесі өткізілген.

Нәтижесінде мемлекеттік цифрлық ақпараттық жүйелер интеграцияланып, Ұлттық білім беру деректер қорында (ҰБДҚ) Қаулыда көзделген екінші санат бойынша қаржылық көмек алуға құқығы бар білім алушылардың тізімі автоматты түрде қалыптастырылатын болды. Бұл ретте шамамен 25 мемлекеттік ақпараттық жүйенің деректері пайдаланылады.

Өтініш беру тәртібі өзгерді

Биылдан бастап Шымкент қаласында қаржылық және материалдық көмекке өтініш беру «QOSYMSHA» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Өтініштер электронды түрде қабылданады. Жүйе отбасының заңнамада белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеріп, көмек көрсету негіздерін Ұлттық білім беру деректер қоры арқылы анықтайды. Сондай-ақ өтінішті қарау нәтижелері тіркеліп, қаражаттың аударылуы мен мақсатты пайдаланылуы бақыланады.

2026 жылғы 11 тамыздағы жағдай бойынша жүйеге 78 543 өтініш түскен. Оның ішінде:

  • 18 927 өтініш немесе 24,1%-ы қаралып жатыр;
  • 9 612 өтініш бойынша немесе 12,2%-ында көмек тағайындалып, төлем күтіліп отыр;
  • 50 004 өтініш немесе 63,6%-ы бойынша қаржылық және материалдық көмек тағайындаудан бас тартылған.

Басқарма мәліметінше, бас тартулардың басым бөлігі өтініш берушілердің екінші санатқа жататыны расталмаған жағдайларға қатысты.

Неліктен өтініштен бас тартылғанын ата-ана бірден көре алмайды?

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда Ұлттық білім беру деректер қорынан бас тарту себебі туралы толық ақпарат алу мүмкіндігі шектеулі. Себебі бұл мәліметтер азаматтардың жеке дербес деректеріне жатады және заңмен қорғалады.

Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Оқу-ағарту министрліктерімен бірнеше кездесу өткізіліп, бас тарту себебін өтініш берушінің өзіне ғана көруге мүмкіндік беру мәселесі қаралып жатыр.

Бүгінгі таңда бас тартулардың басым бөлігі екінші санатқа жататындығы расталмаған өтініштерге қатысты. Қазір бас тартудың нақты себебі жөніндегі мәліметті өтініш берушілердің өзіне ғана көруге мүмкіндік беру мәселесі қарастырылып жатыр, – деді Қуаныш Ғалымжанұлы.

Еске салсақ, биыл жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа баратыны барады. Қазір олардың 320 мыңға жуығы мектепке қабылданды.

Тағы оқи отырыңыз: 1 қыркүйектен бастап мектептерде жаңа пәндер пайда болады: Оқушылар не оқиды?