Шымкентте 112 Call орталығы ашылды
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят Шымкент қаласына іссапармен келді. Ол Шымкент қаласының "Жедел медициналық жәрдем көрсету" стансасының 112 Call-орталығы жұмысын көрді.
Шымкент қаласының "Жедел медициналық жәрдем көрсету" стансасы 6 тамызда бөлек ғимаратта ашылып, жұмысын бастаған. Бұл ғимараттағы орталық халықаралық форматқа сай келеді. 112 Call орталығы деп аталады. Мұнда диспетчерлер 103-ке келіп түсетін қоңыраулардың барлығын қабылдайды. Сосын әрбір қоңырауды бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы бақылайды. Қазір Call-орталыққа бір тәулік ішінде 1100 шақырту түседі. Тәулігіне барлығы 5000-нан астам қоңырау қабылданады. 4 ауысымда барлығы 1400 диспетчер қызмет етеді. Бұл орталық ашылғалы қоңырау қабылдау орындары 15-тен 30 орынға дейін көбейген.
Бұдан былай Шымкент жұртшылығы 103 нөміріне хабарласқанда күтіп қалмайды. Қоңырауды тез қабылдайды. Мұндағы ерекшелік – орталық келіп түскен қоңырауларды басқаруда PRI арнасындағы үздіксіз режимдегі байланыс желісі және спутниктен бақыланатын жүйе мен мобайл интернет пайдаланылады. Операторлар небәрі 10 секунд ішінде бригадаға шақырту туралы хабар жібереді. Мұнымен қатар, осынау ақпарат жүйесі арқылы Шымкент қаласы картасынан мекенжайларды іздеп, көлік қозғалысын қадағалап, жылдамдығын, күту уақытын және тағы басқа операцияларын автоматты түрде бақылай аламыз. Жедел жәрдем бригадаларының жұмысын да бақылап отыру мақсатында оларлың барлығына жаңа планшеттер бердік. Қаладағы шақыртуда жүретін жедел жәрдем көліктерінің жалпы саны 100 дананы құрайды,-деді Шымкент қаласының Жедел медициналық жәрдем көрсету стансасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Шолпан Оспанова.Вице-министрдің айтуынша, қазір коронавирусты емдеу жөнінде деректер жинақталды.
Шымкент қаласындағы медициналық мекемелердің дайындығын көрдім. Қазір емханаларда мобилді топтар жұмыс істеп жатыр. Осы топтар созылмалы ауруы бар, диспансерлік есепте тұратын адамдарға, жүкті әйелдер және балаларға көбірек көңіл бөліп, емдеу-қарау жолдарын көбейту керек. Әсіресе, қан қысымы, жүрегі ауыратын, қант диабеті, семіздікке шалдыққан, өкпе аурулары бар созылмалы ауруы бар адамдарға көп көңіл бөліп, асқындырып жатып қалуынан сақтандырып, ауруханаға жатқызып емдеу керек, деп нұсқау беріп отырмыз, - дейді вице-министр Ажар Ғинаят
Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қаланың жедел жәрдем автокөліктеріне соңғы үлгідегі қондырғылар қойылған. Инновация технологиялары орнатылыпты. Дәлірегі, жедел жәрдем көліктеріне өкпені жасанды желдету, реанимация режиміндегі портатив рюкзактар, 12 арналы электрокардиографтармен жабдықталған. Тап осындай жабдықтаудағы 100 жедел жәрдем көлігі бар. Қосымша бұлардың барлығына дефибриллятор орнатылған.
Бұдан бөлек стационарлық және портатив режимдегі оттегі беру жүйесі, реанимация бригадаларының қолдануына жүрек массажын жасайтын автопульстер берілген. Ал педиатрия бригадалары жаңа туған нәрестелерді тасымалдайтын инкубаторлармен жабдықталды.