Шымкент УҰИ-дағы 23 жастағы бойжеткен өлімі: Жаңа мәліметтер белгілі болды
Марқұм кәмелетке толмағанның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен ұсталған.
Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторында қайтыс болған 23 жастағы қызға қатысты жаңа деректер белгілі болды. Іс бойынша куәгерлердің бірінің адвокаты Виктор Кривоносов мәлімдеме жасап, әлеуметтік желіде тараған «зорлау әрекеті» туралы ақпаратты жоққа шығарды және марқұмның қорғаушыларына сұрақ қойды.
Оның айтуынша, бұл факт бойынша ұстау сәтіне дейін ешқандай арыз түспеген, ал шағым тек 10 күннен кейін - бұлтартпау шарасы қаралып жатқанда ғана берілген.
Адвокаттың ұстанымы: Істі хайпқа айналдыруға жол берілмейді
Адвокат Виктор Кривоносов ең алдымен қаза тапқан қыздың жақындары мен туыстарына шын жүректен көңіл айтып, болған жағдайдың ауыр қасірет екенін атап өтті. Алайда, ол тергеу амалдары аяқталмай жатып, қоғамдық пікірді бұрмалауға қарсы екенін айтты.
Қазір әлеуметтік желілерде зорлауға әрекет жасалған-мыс деген мәліметтер белсенді түрде таратылып жатыр. Сонымен қатар, Шымкент қаласы Полиция департаментінің ресми түсініктемелерінен белгілі болғандай, ол ұсталып, бұлтартпау шарасы таңдалған сәтке дейін бұл факт бойынша ешқандай арыз-шағым түспеген. Осыған байланысты менің қаза тапқан қыздың мүддесін қорғайтын әріптесіме қояр сұрағым бар: құқық бұзушылық туралы арыз неліктен тек он күннен кейін - дәл қызға қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралып жатқан сәтте берілді?, - деп мәлімдеді Виктор Кривоносов өзінің Instagram парақшасында.
Қорғаушы істі ақпараттық хайпқа айналдыруға, тергеуге қысым жасауға және кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты алдын ала айыптау пікірін қалыптастыру үшін қоғамдық эмоцияларды пайдалануға жол беруге болмайтынын қатаң ескертті.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте 23 жастағы қыз уақытша ұстау изоляторында көз жұмған болатын.
Полицияның ресми мәлімдемесі
Полициядан мәлім еткендей, Шымкент қаласының тұрғыны кәмелетке толмаған баланың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен ұсталған болатын.
Шымкент қаласының тұрғыны кәмелетке толмағанның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен ұсталды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2 мамырға қараған түні қыз ойын-сауық мекемесінен шыққаннан кейін танысының үйіне барған. Ол жерде танысының кәмелетке толмаған інісі мен қарындасы, сондай-ақ достары болған. Куәгерлердің жауаптарына сәйкес (бейнежазба түріндегі жауаптар бар), азаматша мен жасөспірімнің арасында ауызша жанжал туындап, күдікті өзге адамдардың көзінше жасөспірімге пышақпен жарақат салған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел медициналық жәрдем бригадасы шақырылды. Зардап шеккен жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Кәмелетке толмағанның денсаулығына ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті алғашқы тергеу әрекеттері жүргізілді, - деді Шымкент қаласының ПД баспасөз қызметі.
Сол күні күдікті полицияға жеткізілген. Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын растаған.
Полициядан мәлім еткендей, бірнеше сағаттан кейін бойжеткен уланып қайтыс болған.
Күдікті шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізіліп, бірнеше сағаттан кейін көз жұмды. Алдын ала өлім себебі - дәрілік препараттардан улану. Суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, уақытша ұстау изоляторында ұстау қағидаларын бұзудың ықтимал дерегі бойынша да сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі таңда кешенді тергеу әрекеттері жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы толық, жан-жақты және объективті тергеу барысында анықталатын болады, - деді полиция өкілдері.
Департамент басшылығы тергеу барысы ерекше бақылауда екенін де айтқан.
Еске салайық, бұған дейін буллинг, жалғыздық, қысымға қатысты Қазақстандағы үнсіз суицид трагедиясы туралы жазған болатынбыз.