- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Буллинг, жалғыздық, қысым: Қазақстандағы үнсіз суицид трагедиясы
Буллинг, жалғыздық, қысым: Қазақстандағы үнсіз суицид трагедиясы
Кеше 2026, 18:17
Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі соңғы жылдары қайта-қайта көтеріліп келеді. Бірақ қоғам бұл тақырыпты әлі де ауыр үнсіздікпен қабылдайды. Бір мектептегі қайғылы жағдай әлеуметтік желіде бірнеше күн талқыланып, артынша ұмытылады. Ал статистика өзгермейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Буллинг, әлеуметтік желідегі қысым, отбасындағы түсінбеушілік, жалғыздық, ҰБТ алдындағы стресс, эмоциясын ашық айта алмау – мұның бәрі бүгінгі жасөспірімнің психикасына әсер етіп отыр. Кей бала бұл қысымды көтере алады, кейбірі іштей күйрейді. Ең қауіптісі – көп жағдайда мұны ешкім байқамайды.
Сырт көзге бәрі қалыпты көрінуі мүмкін. Сабаққа барып жүрген, күліп жүрген, әлеуметтік желіге видео жүктеп жүрген баланың ішінде үлкен психологиялық күрес жүріп жатуы ықтимал. Мамандар дәл осы көрінбейтін ішкі жалғыздықты қазіргі қоғамның ең қауіпті мәселелерінің бірі деп атайды.
Қазақстандағы алаңдатарлық статистика
Қазақстанда өз-өзіне қол жұмсау мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Әсіресе жастар арасындағы көрсеткіш мамандарды алаңдатады.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартысында 14–34 жас аралығындағы 534 адам суицид жасаған. Ал суицидке әрекеттену фактілері 969-ға жеткен.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылдың алғашқы жеті айында елде шамамен 2,1 мың адам өзіне қол салған. Бұл – күніне орта есеппен 10 адам деген сөз.
Ал халықаралық зерттеулер мен Ұлттық статистика бюросының мәліметтері Қазақстанда жасөспірімдердің психологиялық денсаулығы күрделі мәселеге айналып бара жатқанын көрсетеді. Кей сарапшылар елді жасөспірімдер арасындағы суицид деңгейі жоғары мемлекеттердің қатарына қосады.
Дегенмен мамандар ресми статистика барлық жағдайды толық көрсете бермейтінін айтады. Өйткені көптеген отбасы мұндай оқиғаларды жария еткісі келмейді. Ал кей балалар көмек сұрауға дейін жетпей қалады.
Буллинг: мектептен телефонға көшкен қысым
Бүгінде буллинг бұрынғыдай тек мектеп дәлізінде ғана болмайды. Қысым енді баланың телефонымен бірге үйіне келеді.
Сыныптағы мазақ чатта жалғасады. Әлеуметтік желіде қорлайтын видео тарайды. Аноним парақшалар ашылады. Кей жасөспірім бір мезетте жүздеген адамның келемежіне ұшырайды.
Психологтардың айтуынша, ұзақ уақыт буллинг көрген балада мазасыздық күшейіп, өзін бағалау деңгейі төмендей бастайды. Ол адамдардан қашады, мектепке барғысы келмейді, ешкімге сенбейтін күйге түседі.
Ең қауіптісі – көптеген ата-ана баланың ішкі күйзелісін кеш байқайды. Себебі жасөспірімдердің көбі проблемасын іште сақтайды.
«Мен ешкімге керек емеспін»
Мамандар соңғы жылдары жасөспірімдер арасында эмоциялық жалғыздықтың күшейгенін айтады.
Қазір балалар бұрынғыдан көп сөйлескенімен, аз тыңдалады. Көп ата-ана материалдық жағдайды бірінші орынға қояды. Бірақ жасөспірім үшін эмоциялық жақындық одан кем маңызды емес.
Әлеуметтік желі де бұл қысымды күшейтіп отыр. Интернетте бәрі әдемі көрінеді: табыс, мінсіз өмір, танымалдық. Соның арасында көптеген жас өз өмірін «жеткіліксіз» сезіне бастайды.
Психологтар дәл осы үздіксіз салыстыру, лайкқа тәуелділік пен аудитория алдындағы қысым жасөспірім психикасына ауыр әсер ететінін айтады.
Кей бала жүздеген адамның ортасында жүріп-ақ өзін жалғыз сезінуі мүмкін.
«Бала үндемесе, бәрі жақсы деген сөз емес»
Бала мен ата-ана қарым-қатынасы бойынша сарапшы, «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің психологы Камила Тоқжұманованың айтуынша, қазіргі қоғамда жасөспірімдердің психологиялық шаршауы бұрынғыдан әлдеқайда күшейіп кеткен. Бірақ көп жағдайда ересектер оны уақытша мінез немесе еркелік деп қабылдайды.
Соңғы жылдары бізге жүгінетін ата-аналардың саны көбейді. Көпшілігі баласының тұйықталып кеткенін, ашушаң болып кеткенін немесе ешкіммен сөйлеспейтінін айтады. Жасөспірімнің өзін жалғыз сезінуіне отбасындағы эмоциялық жақындықтың аз болуы да әсер етеді. Кейде бала үй ішінде өзін түсінетін, тыңдайтын адам жоқтай сезінеді. Қарым-қатынас көбіне бақылау, ұрысу немесе талап қою төңірегінде құрылғанда, жасөспірім ішкі уайымы мен қиындықтарын ешкім байқамай жүргендей қабылдауы мүмкін, – дейді психолог.
Маманның сөзінше, қазіргі балалардың басты проблемасының бірі – өзін ашық жеткізе алмау. Өйткені олар көбіне түсінбеушіліктен қорқады.
Жасөспірімдердің көбі ата-анасына “маған қиын болып жүр” деп айта алмайды. Себебі олар “басқалардың жағдайы одан да қиын”, “өзіңді қолға ал”, “бәрі сенің ойыңдағыдай жаман емес” деген жауап еститінін алдын ала біледі. Мұндай сөздер ересектерге мотивация сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ психологиялық күйзелістегі бала оны мүлде басқаша қабылдайды. Ол өзін тағы да түсінбеді деп ойлайды. Сөйтіп біртіндеп ішкі әлемін жаба бастайды, – дейді Камила Тоқжұманова.
Психолог буллингтің ең қауіпті тұсы – адамның өзін жалғыз сезінуі екенін айтады. Оның сөзінше, қазір қорлау тек мектеп ішінде қалмайды.
Бұрын бала мектептен үйге келсе, кем дегенде тыныштық табатын. Қазір буллинг телефонның ішінде бірге келеді. Чаттағы мазақ, әлеуметтік желідегі қорлау, видео тарату, комментарий жазу – мұның бәрі баланың психикасына үздіксіз қысым береді. Ең қауіптісі – көптеген ата-ана мұны кеш байқайды. Өйткені бала үндемейді. Ал бала үндемесе, бәрі жақсы деп ойлаймыз. Негізі дәл сол үнсіздік – ең үлкен белгі болуы мүмкін, – деді маман.
Камила Тоқжұманова суицид туралы қоғамдағы стереотиптер де жағдайды ушықтыратынын айтады.
Өкінішке қарай, бізде әлі күнге дейін “өзіне қол салу – әлсіздік” деген түсінік бар. Осындай көзқарастың кесірінен көптеген адам көмек сұрауға қорқады. Өйткені ол өзін соттайды, айыптайды немесе түсінбейді деп ойлайды. Шын мәнінде, суицидтік ойдың артында көбіне өлгісі келу емес, жан азабын тоқтатқысы келетін шарасыздық тұрады. Сондықтан мұндай жағдайда адамды кінәлау емес, тыңдау маңызды, – дейді ол.
Маман ата-аналарға баланың мінезіндегі өзгерістерге бейжай қарамауға кеңес береді. Оның айтуынша, ұйқының бұзылуы, оқшаулану, ашушаңдық, өмірге қызығушылықтың жоғалуы, достардан алыстау – бәрі ішкі дағдарыстың белгісі болуы мүмкін.
Көп ата-ана баламен тек сабақ туралы сөйлеседі. “Бағаң қандай?”, “сабағыңды оқыдың ба?” деген сұрақ көп. Ал “өзіңді қалай сезініп жүрсің?” деген қарапайым сұрақ өте сирек қойылады. Кейде балаға ұзақ лекция емес, қасында отырып тыңдайтын адам ғана керек болады. Жасөспірім өзін қауіпсіз сезінген жерде ғана ашылады, – деді Камила Тоқжұманова.
Психологтың пікірінше, суицидтің алдын алу жұмысы тек мектеппен шектелмеуі керек.
Егер біз шынымен балаларды сақтап қалғымыз келсе, ең алдымен психологиялық көмек туралы көзқарасты өзгертуіміз керек. Психологқа жүгіну ұят немесе әлсіздік емес екенін қоғам түсінуі қажет. Сонымен бірге ата-аналардың психологиялық сауатын көтеру өте маңызды. Себебі бала өміріндегі ең бірінші эмоционалдық орта – отбасы, – деп түйіндеді маман.
Суицидтің алғашқы белгілері қандай?
Психологтардың айтуынша, суицидтік күй бір күнде пайда болмайды. Оған дейін адамның эмоциялық жағдайы мен мінез-құлқында өзгерістер байқалады.
Жасөспірім тұйықталып кетуі мүмкін. Бұрын қызыққан дүниелеріне назар аудармайды. Ұйқысы бұзылады, тәбеті өзгереді, сабақ үлгерімі төмендейді. Кейбірі ашушаң болып кетсе, енді бірі керісінше тым үнсіз қалыпқа түседі.
Маманның айтуынша, ерекше назар аударатын тағы бір белгі – адамның сөйлеу мәнерінің өзгеруі.
«Кей балалар “мен шаршадым”, “бәрі бітті”, “ешкімге керегім жоқ” деген сөздерді жиі айта бастайды. Мұндай фразаларды “жай эмоция” деп қабылдауға болмайды. Кей жағдайда бұл – адамның ішкі дағдарысының сигналы, – дейді психологтар.
Мамандар әсіресе ата-аналарды баланың мінезіндегі күрт өзгерістерге назар аударуға шақырады.
Қазақстанда не жетіспейді?
Қазақстанда мектеп психологтары бар. Бірақ көптеген сарапшы бұл жүйе әлі де толық тиімді жұмыс істемейтінін айтады. Кей мектепте бір психолог бірнеше жүз баламен жұмыс істейді.
Екінші мәселе – қоғамдағы психологиялық көмекке деген көзқарас. Әлі күнге дейін психологқа баруды әлсіздік немесе «ұят нәрсе» деп қабылдайтындар бар. Соның салдарынан көптеген жас уақытында көмек сұрамайды.
Мамандардың пікірінше, Қазақстанда ең алдымен психикалық денсаулық туралы ашық сөйлесу мәдениеті қалыптасуы керек.
Өйткені суицидтің алдын алу – тек дәрігердің немесе мектептің міндеті емес. Бұл – ата-ананың, қоғамның, мемлекеттің ортақ жауапкершілігі.
Қазақстандағы суицид мәселесі – жай статистика емес. Бұл – үнсіз қалған балалардың тағдыры.
Көп жағдайда олар өлгісі келгеннен емес, ішкі ауырсынудан құтылғысы келгендіктен осындай қадамға барады.
Сондықтан жасөспірімге «неге бұлай істеді?» деп қараудан бұрын, «ол неге өзін жалғыз сезінді?» деген сұрақты қою маңыздырақ болуы мүмкін.
Ең оқылған:
- “Соңғы қоңырау” атауының өзі өзгеріп жатыр: Биыл мектеп бітіру кештері қалай өтеді?
- Найзағай, аяз және өрт қаупі: 16 өңірде дауылды ескерту жарияланды
- Қазақ оқушысы қатерлі ісікті анықтайтын ЖИ үшін АҚШ грантын ұтып алды
- Иран: АҚШ пен Израильге зымыран қорын қайта қалпына келтіру қиын болады
- Әлемде алғаш рет бір ел барлық азаматына ChatGPT Plus-ты тегін ұсынады