Швецияның ЖІӨ 1,4%-ға өсті: Бұл соңғы екі жылдағы ең жоғары көрсеткіш
Швеция экономикасы сарапшылар күткеннен әлдеқайда жоғары өсім көрсетті. Бұл нәтиже соңғы екі жылдағы ең үздік көрсеткіш ретінде тіркелді.
Швеция экономикасы 2026 жылдың екінші тоқсанында айтарлықтай өсім көрсетіп, соңғы екі жылдан астам уақыттағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бұл туралы елдің Статистика басқармасы (Statistics Sweden, SCB) жариялаған алдын ала мәліметте айтылды.
Алдын ала бағалауға сәйкес, елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) екінші тоқсанда өткен тоқсанмен салыстырғанда 1,4%-ға өсті. Осылайша экономика бірінші тоқсанда тіркелген 0,2%-дық төмендеудің орнын толтырды.
Сарапшылар тоқсандық өсім небәрі 0,7% болады деп болжаған еді. Алайда нақты көрсеткіш болжамнан екі есе жоғары болып, 2024 жылдың бірінші тоқсанынан бергі ең жоғары өсім ретінде тіркелді.
Жылдық есепте де оң динамика байқалды. Екінші тоқсандағы экономикалық өсім 2,8%-ды құрап, бірінші тоқсандағы 2%-дық көрсеткіштен жеделдеді.
Сонымен қатар, айлық статистикада маусым айында экономикалық белсенділік біршама бәсеңдегені байқалады. Маусымда ЖІӨ мамырмен салыстырғанда 0,2%-ға қысқарды. Ал мамыр айында экономика 0,9%-ға өскен болатын. Жылдық өсім де маусымда 3,8%-дан 2,4%-ға дейін баяулады.
Экономистердің пікірінше, екінші тоқсандағы күшті өсім Швеция экономикасының әлсіреу кезеңінен кейін біртіндеп қалпына келе бастағанын көрсетеді. Дегенмен айлық көрсеткіштердің құбылмалығы алдағы тоқсандарда экономикалық белсенділікке сыртқы факторлардың ықпалы сақталуы мүмкін екенін аңғартады.
Ал Қазақстан экономикасында жағдай қандай?
Қазақстандағы экономика жағдайына тоқталар болсақ, 2026 жылдың алғашқы алты айында еліміздің экономикасы тұрақты өсім көрсетті.
Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық экономиканы жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, инвестиция тарту және бизнеске қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмысты жалғастырып келеді.
2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстан экономикасы тұрақты өсім көрсетті. ЖІӨ 4,1%-ға ұлғайса, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,5 трлн теңгеден асты. Жеке инвестициялар 21,4%-ға өсіп, жалпы инвестициялық өсімнен жоғары қарқын көрсетті.
Экономикалық өсімге нақты сектордың дамуы, өндірістің әртараптандырылуы және көлік-транзиттік әлеуеттің артуы ықпал етті. Құрылыс (+15,2%), өңдеу өнеркәсібі (+9,8%), көлік (+7,1%), сауда (+5,7%) және ауыл шаруашылығы (+4,4%) оң нәтижелер көрсетті.