Шұңқырға құлап, аяғын сындырған: Петропавл әкімдігі әйелге өтемақы төлейді
Қалалық инфрақұрылымды тиісінше күтіп-ұстамағаны үшін сот моральдық зиян өтемақысын өндірді.
Петропавл тұрғыны қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің коммуналдық мемлекеттік мекемесін қалалық инфрақұрылымды тиісті деңгейде ұстамады деп айыптады.
Петропавл қаласының №2 сотында әйел коммуналдық мемлекеттік мекемесіне моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы талап қоюы бойынша азаматтық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, 2025 жылғы тамыз айында талап қоюшы кәмелетке толмаған баласымен бірге облыс орталығының көшелерінің бірімен келе жатып, тротуардан шетке шығып кетіп, шөп басып қалған әрі ағынды суға толған шұңқырға денесінің оң жағымен құлаған. Қауіпті аумақ қоршалмаған және ескерту белгілерімен белгіленбеген.
Оқиға салдарынан талап қоюшы дене жарақатын алып, табан сүйегі сынып кеткен. Сарапшы қорытындысына сәйкес, денсаулыққа келтірілген зиян орташа ауырлық дәрежесіне жатқызылған, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Оқиғадан кейін талап қоюшы ем қабылдап, уақытша еңбекке жарамсыз болып, бұл оған физикалық және моральдық зардап келтірген. Ол сотқа дейінгі тәртіппен жауапкерге жүгінген. Мемлекеттік орган шұңқырды көму арқылы қауіпті учаскені жою шараларын қабылдағанымен, кінәнің жоқтығына сілтеме жасап, моральдық зиянды өтеуден бас тартқан.
Сот талқылауы барысында аталған жол учаскесін күтіп-ұстау жауапкердің құзыретіне жататыны анықталды. Қалалық инфрақұрылым қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттердің тиісінше орындалмауы талап қоюшының денсаулығына зиян келтіруге себеп болған. Сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, талап қоюшының пайдасына моральдық зиян өтемақысы, сондай-ақ сот шығындары өндірілді. Сот актісі заңды күшіне енді. Апелляциялық саты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Талап қоюшының бұзылған құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді, - деп хабарлады Петропавл қаласы сотының баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда жедел жәрдем қызметі науқастың өлімі үшін өтемақы төлейтіні хабарланды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Шетелге жұмысқа орналастыруға уәде берген: Астаналық кәсіпкер сотта жеңілді
Өскемендегі жарылыс: Тұрғындарға өтемақы төлене ме?
Жалақы кешіктірілсе, өтемақы талап ете аласыз – заңгер жауабы