Шетелдегі қандастарға арналған 20 білім гранты бөлінді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілішісі. Бұл туралы Халықаралық білім беру корпорациясының бірінші проректоры Қайыржан Меңдіғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Халықаралық білім беру корпорациясы шетелдегі қандастарға арналған «Отанға апарар жол» білім алуға арналған байқау жариялады.
Қайыржан Меңдіғалиевтің айтуынша, шетелде бес миллионға жуық қандастарымыз бар. Олардың қатарында, Отанына оралып, білім алып, оқып, жұмыс жасап, еліміздің экономикасы мен өнеркәсіптік дамуына өз үлесін қосқысы келетін жастар көп.
Халықаралық білім беру корпорациясының call-орталығына, мессенджерлер мен әлеуметтік желі беттеріне шетелдік отандас-талапкерлерден мемлекеттік гранттарға қатысты көптеген сауалдар келіп түсті. Бірақ гранттар алу үдерісін білген соң, олардың көпшілігі Қазақстанда одан әрі білім алудың жолын қарастырмайды. Өз Отанынан алыс жатқан отандастарды қолдау ісіндегі барлық жауапкершілік пен жүктелген міндеттерді сезіне отырып, біздің оқу орнымыздың Бақылау кеңесі Халықаралық білім беру корпорациясының қабырғасында тегін білім алу үшін 20 ішкі грант бөлу туралы шешім қабылдады, - деп атап өтті ол.
Осыған байланысты Халықаралық білім беру корпорациясы ХБК Бақылау кеңесінің төрағасы Айғазы Әмірланұлы Құсайынов атынан Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын, бірақ ұлты қазақ болатын тұлғалар үшін «Отанға барар жол» байқауын жариялайды.
Байқау негізінде оқу орны бүкіл оқу кезеңіне ішкі гранттар бөледі.
Біздің мақсатымыз этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуына ықпал ету. «Отанға барар жол» байқауы бірнеше кезеңнен тұрады және онлайн форматта өткізіледі. Негізгі кезеңде байқауға қатысушылар Instagram әлеуметтік желісінде «Қазақ халқының тарихындағы көрнекті тұлғалар» және «Мен неге Халықаралық білім беру корпорациясына түскім келеді?» тақырыптарында бейне-эсселер ұсынады. Ақтық сында қатысушылар онлайн-сұхбаттасудан өтеді. Толық ақпаратты университет сайтынан білуге болады, - деп атап өтті ол.
Еске сала кетейік, шетелдегі қандастарымызға арналған «Отанға барар жол» байқауы жарияланғаны туралы осыған дейін жазғанбыз.