Шетелдіктерге ЖСН-ды заңсыз рәсімдегендер тергеліп жатыр
ҚМА шетелдіктерге ЖСН-ды заңсыз рәсімдеу схемасын әшкереледі.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен сыбайлас жемқорлық тетіктерін пайдалану арқылы шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) заңсыз рәсімдеу схемасын анықтап, оның жолын кесті.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шетел азаматтарына ЖСН беру олардың Қазақстан аумағында жеке қатысуы және міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтуі арқылы ғана жүзеге асырылады.
Алайда тергеу мәліметінше, 2024-2025 жылдары өтініш берушілердің Қазақстанға келуінсіз-ақ ЖСН рәсімдеуге мүмкіндік берген заңсыз схема ұйымдастырылған.
Белгілі болғандай, күдіктілер әлеуметтік желідегі арнайы арна арқылы ЖСН-ды қашықтан рәсімдеуге мүдделі шетел азаматтарын іздеп, қызмет ұсынған.
Қылмыстық схемаға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Астана қаласы бойынша филиалының қызметкерлері де тартылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар ХҚКО-ның ақпараттық жүйесіне көрінеу жалған мәліметтер енгізіп, ЖСН алуға қатысты жалған өтінімдер рәсімдеген.
Заңсыз қызмет үшін төленген сыйақы делдалдар арқылы банк аударымдары түрінде қабылданып, кейін схемаға қатысушылар арасында бөлінген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.