Шетелдік журналист Астананы Бейжіңмен салыстырды
Шетелдік журналист Астанаға баға берді.
Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындарына» келген армениялық журналист Варвара Хайрапетян Қазақстанның ауқымды халықаралық жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырғанын айтып, елорда туралы алғашқы әсерін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, мұндай халықаралық ауқымдағы жарысты өткізу үшін ұзақ уақыт бойы жүйелі әрі ауқымды дайындық қажет.
Осындай ірі халықаралық іс-шараны өткізу үшін орасан зор жұмыс атқарылуы керек. Мұны көпжылдық тәжірибеме сүйене отырып айтып отырмын. Қазақстанның бұл ойындарды ұйымдастыруға үлкен дайындықпен келгені бірден байқалады. Ұйымдастыру деңгейі шынымен өте жоғары. Ұйымдастырушылар, қауіпсіздік қызметі мен еріктілер өз міндеттерін нақты біледі. Бұл елдің осы бастаманы жүзеге асыру үшін қаншалықты көп күш жұмсағанын анық көрсетеді, – деді ол.
Журналист Қазақстанға алғаш рет келгенін және сапар алдында өзге адамдардың пікіріне сүйенбей, ел туралы жеке көзқарасын қалыптастырғысы келгенін айтты.
Бұл – менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Сондықтан ешқандай сыртқы пікірге құлақ аспай, өз көзіммен көрген дүниеге сүйеніп, жеке пікір қалыптастыруды жөн көрдім. Қазақстан тарапының шақыруымен келдім. Ең алдымен, осы мүмкіндік үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Варвара Хайрапетян.
Оның сөзінше, бірнеше күннің ішінде Астана өз ауқымымен, тазалығымен және заманауи келбетімен ерекше әсер қалдырған.
Астана мені кең көшелерімен, тазалығымен, жасыл қоғамдық кеңістіктерімен таңғалдырды. Мен үшін бұл қала – әлемдік деңгейдегі үздік мегаполистердің бірі. Мұнда бәрі үйлесімді әрі ұқыпты ұйымдастырылған, – деді ол.
Журналист елордаға алғаш келген сәтте Қытай астанасы – Бейжің еске түскенін айтты.
Алғашқы әсерім – өзімді қайтадан Бейжіңде жүргендей сезіндім. Себебі бұл қала маған көп жыл бұрын болған Қытай астанасын еске салды. Сонымен қатар қазақ халқының кеңпейілдігі, парасаттылығы және кез келген жағдайда көмек көрсетуге дайын тұратыны мені ерекше тәнті етті, – деді армениялық журналист.
Әуежайдан қалаға келе жатқанда оның назарын елордадағы ауқымды құрылыс жұмыстары аударған.
Қалада құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Соған қарамастан, сәулеті өте үйлесімді, әсем әрі сәнді көрінеді. Бұл даму мен қалалық мәдениеттің қатар өркендеп жатқанын аңғартады, – деді ол.
Варвара Хайрапетян Астананың тазалығына да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, көшелерде қоқыс жәшіктері көп кездеспегенімен, айналада шашылып жатқан қоқысты көрмеген.
Көшелер өте кең әрі тап-таза. Қайда барсаңыз да тазалық сақталған. Бір қызығы, қоқыс жәшіктері жиі кездеспейді, бірақ соған қарамастан көшеде қоқыс жоқ. Бұл – тұрғындардың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі, – деді ол.
Сөз соңында армениялық журналист Қазақстанның даму қарқыны өзіндегі бұрынғы түсінікті толық өзгерткенін жеткізді.
Менің ойымша, Астана – кәдімгі азиялық қалалардың бірі емес. Бұл – өзіндік келбеті бар, қарқынды дамып келе жатқан заманауи мегаполис. Қазақстанның даму деңгейі мен күткенімнен әлдеқайда жоғары екеніне көзім жетті, – деп түйіндеді Варвара Хайрапетян.
Айта кетейік, 29 шілде – 9 тамыз аралығында Астана қаласында алғаш рет киберспорт пен спорттың дәстүрлі түрлерін және жаңа технологияны ұштастырған халықаралық турнир өтеді.
Биылғы сайыстарға 34 елден келген 800-ден астам спортшы қатысады.
Астанадағы турнирде спортшылар фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-шутер, фиджитал-би, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds секілді 8 бағыт бойынша күш сынасады.
Еске салсақ, 2026 жылғы 29 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары – 2026» сайысының ресми түрде ашылу салтанаты өтті.