Шетелдік ғалымдар Қазақстан атом энергетикасының әлеуетіне жоғары баға беріп отыр

 

Курчатов қаласында әлемдік деңгейдегі ғалымдардың басын қосқан жиын өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Атом энергетикасы саласын ғылыми-техникалық қолдау» тақырыбында ұйымдастырылған дөңгелек үстел Курчатов қаласында орналасқан Ұлттық ядролық орталығында өтті. 

Шараға еліміздегі ғылыми орталықтардың, зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының мамандары қатысты. Олардан бөлек, басқосуда Қытай, АҚШ пен Жапонияның ғалымдары интернет желісі арқылы байланысқа шығып, өз ойларын ортаға салды.

Қытай атом энергетикасы институтының өкілі Лю Ю Жидың айтуынша, қазіргі таңда Қытайда 56 атом блогы жұмыс істейді. Тағы 40-тан астамының құрылысы жүріп жатыр екен. Соның арқасында Аспан асты елінде 2035 жылға қарай атомнан алынатын энергия көлемін 150 гигаватқа, ал 2060 жылдан кейін 400 гигаватқа дейін жеткізу көзделіп отыр екен.

Атом электр стансалары – энергияға қол жеткізудің арзан және қауіпсіз жолдарының бірі. Бұдан қорқудың еш себебі жоқ. Қазақстан атом энергетикасы саласын дамытуға мүмкіндігі өте мықты ел. Бұл бағытта біз әріптестерімізге барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз, - дейді қытайлық ғалым.

Жапония атом индустриалдық форумының маманы Акео Тоба да біздің елдің атом энергетикасының болашағы жарқын екеніне сенеді. Ол қазақстандық әріптестерімен үнемі байланысып, ақпарат алмасып отырады екен. Айтуынша, Жапонияда қазір жұмыс істеп тұрған 12 атом реакторы бар. Жаңа 5 реактор іске қосылу үшін қазір тиісті тексерістен өтіп жатыр.

Жиында сөз алған ғалымдардың бірі – АҚШ-тағы Айдахо ұлттық зертханасының қызметкері Джесс Гехин. Бұл орталық атом реакторларын жетілдіру мәселесімен айналысады. Маманның айтуынша, қазір олар атомнан энергия алудың түрлі тәсілдері бойынша сынақтар өткізуде. Онда қауіпсіздікке өте көп көңіл бөлінеді екен. АҚШ маманы осы бағытта қазақстандық әріптестерімен бірлесе еңбек етіп, білгенімен бөлісуге  дайын екенін жеткізді.

Бұдан бөлек жиын барысында атом энергетикасы саласындағы қауіпсіздік, Қазақстандағы атом саласының дамуы, халықаралық ынтымақтастық пен мамандар даярлау мәселелері айтылды.

Бұған дейін радиобиолог, PhD докторы, «Ядролық технологиялар паркі» АҚ басқарма төрағасы Жанат Байғазинов АЭС-ке қатысты ел ішінде жүрген түрлі әңгімелерге байланысты пікірін білдірген болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Асылхан Жуланов
Өзгелердің жаңалығы