Шетелден импорттаудың жырын жырлайтындар кедергі келтіреді – Дайрабаев

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев Мәжілістегі Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол баяндамасында Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасына арналған жоғарғы технологиялық жабдықты талап етпейтін қарапайым, қосалқы бөлшектерді өндіруге болатынын айтты. Ақмола облысы Ақкөл қаласында орналасқан Комсомольский ремонт-механикалық зауытты мысалға келтіріп, мемлекеттен қолдау көрсетілсе зауыт әлеуеті жоғары екенін атады.

Кейіннен Жигули Дайрабаев ауыл шаруашылығы техникасына жауапты мемлекеттік органның өкілдеріне Президенттің Жолдауда айтқан «Мемлекет отандық өндірушілерді міндетті түрде қорғауы тиіс. Бұл – біздің экономикамызды сыртқы әлемнен жабудың белгісі емес. Ол ашық, бірақ ұлттық бизнестің мүдделерін ескеру қажет екенін білдіреді» деген сөзін еске салды.

Бұл ретте кейбір біздің үзеңгілес әріптестеріміз шетелдік ауыл шаруашылығы техникасын импорттаушылардың жырын жырлап, мүдделерін қорғап жүр. Бұл тірліктері Мемлекет басшысының отандық өндірушіні қолдау саясатына қайшы келіп, саясатты іске асыруға кедергі келтіруде, - деді депутат.

Дайрабаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау кезінде аталған мәселені ескеруді сұрады.

Дұрыс мемлекеттік қолдау шаралары болған жағдайда отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің, біздің шаруалар үшін қажетті барлық техниканы өндірудегі әлеуеті мен мүмкіндіктері зор, - деді ол.

Осыған дейін Жигули Дайрабаев өндіріс үшін шикізатты Ресей Федерациясынан сатып алатынымызды, осылайша көрші елдің экономикасына жұмыс істеп жатқанымызды жазған еді. 

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы