Шерзат Болат өлімі: Прокурор оқиға күні екі рет оқ атылғанын айтты

Шерзат Болаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сотта прокурор Дана Сәрсенбай оқиғаның қалай болғанын айтып, сол күні екі рет оқ атылғанын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айыптау актісінде көрсетілгендей, төбелес кезінде “Қамажай” дүкенінің ішіне кіріп кеткен Қаржаубай Нұрымов кәмелетке толмаған Ахмет Махметтің дауысын естіп, кассадан асхана пышағын алып шыққан. Сол сәтте Қалиахмет Нұрымовты тоқтатуға әрекеттеніп, оның қолынан ұстаған. Ал Белғожаев дүкеннің есігін аяқпен теуіп, Нұрымовты қайта ішке кіргізіп жіберген.

Осы кезде Менделеев көшесі мен дүкен арасындағы ағаштың түбінде, қолында 16 калибрлі аңшы мылтығы бар адам екі рет оқ атқан. Оқтардың бірі “Қамажай” дүкеніне қарсы орналасқан №12 үйдің балконына, екіншісі — "Мясная лавка" ғимаратының қабырғасына тиген, - деді Дана Сәрсенбай сотта.

Прокурордың айтуынша, жанжал кезінде сотталушы Шынасыл Ғайыпбаев қолына сабы қоңыр түсті пышақ алып, Шерзат Болатқа, оның анасы мен әжесінің көзінше жүрек тұсынан пышақ салған. Жасөспірім бірден қаша жөнелгенімен, 45-50 метр қашқаннан кейін асфальтқа отыра кеткен. Сол сәтте жағдайы күрт нашарлаған.

Бұдан кейін Әскентай, Тоқтаубаев, Қалиахмет атыс пен пышақ қолданылып жатқанын көрсе де, төбелесті жалғастырған. Ал Сәкиев Ғайыпбаевқа бөтелке лақтырып, Нұрқанатты жұдырықпен ұрғаны айтылды.

Медицина қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың өлімі сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіне зақым келтіре отырып, сол жақтағы кеуде қуысына еніп, шаншылып кесіліген жарақат нәтижесінде дамыған ауыр қан жоғалтудан болды. Өлім 2024 жылы 4 қазанда сағат 01:30-да Талғар орталық ауруханасында расталды. 

Дәл қазір сот процесі онлайн форматта жалғасып жатыр. 

Шерзат Болаттың соты. Бұған дейін...

Сот процесінің Талдықорғанда өтуіне себеп – күдіктілердің осы қаладағы уақытша оқшаулау изоляторында қамауда отыруы. Жоғарғы соттың коммуникация қызметі осындай түсініктеме берді. Алдын ала тыңдалым 10 сәуірде басталды. Бұл күні тараптар алғаш рет сот залында бетпе-бет кездесті.

Қайғылы оқиға 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні Талғар қаласындағы дүкен маңында орын алған. Жасөспірімдер арасындағы жанжал пышақ жұмсауға ұласқан. 16 жастағы Шерзат ауыр жараланып, кейіннен алған жарақат салдарынан көз жұмды.

Мемлекеттік айыптаушылар

Іс ауқымы – 62 том. Соған қарамастан, оны тек екі прокурор жүргізуде:
• Ержан Құрақбаев – Алматы облыстық прокуратурасы басқармасының басшысы;
• Дана Сәрсенбай – Жетісу облысы, Талдықорған қалалық прокуратурасының аға прокуроры.

Сотта төрт жәбірленуші бар:
• Марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов;
• Анасы Гүлбара Бейшембиева;
• Әжесі Жұмабике Қадырова;
• Марқұмның досы Алдияр Махметтің заңды өкілі Әйгерім Мұқатаева.

Айыпталушылар қатарында кімдер бар?

Қылмыстық іс бойынша тоғыз адамға айып тағылған. Олардың бірі – кәмелетке толмаған. Істің басты фигуранттары:
1. Абзал Шынасыл – ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі ("Адам өлтіру"), 24-бабы 3-бөлігі ("Адам өлтіруге оқталу"), 293-бабы 3-бөлігі ("Бұзақылық");
2. Равиль Сакиев – дәл осы баптар бойынша;
3. Азамат Тоқтаубаев – «Бұзақылық» және 188-бап 1-бөлігі («Ұрлық»);
4. Нұрбол Тоқтаубаев – "Бұзақылық";
5. Шыңғыс Белғожаев – "Бұзақылық";
6. Дархан Әскентай – "Бұзақылық";
7. Нұрқияс Ілиясов – "Бұзақылық";
8. Дидар Қалияхмет – "Бұзақылық";
9. Думан Ысқақ – 434-бап ("Қылмыс туралы хабарламау").

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: әлеуметтік желі
Өзгелердің жаңалығы