Шерзат Болат ісі: Сотталушы Дархан Әскентайды полицей сыныптасы ұстаған

Сотталушы Дархан Әскентайдың тағы бір сыныптасы, Талғар ауданы полиция басқармасының рота патрульдік полиция қызметкері Жәнібек Әмірақын оқиға болған күн туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол 1993 жылы туған. Ол 2014 жылдан бері ішкі істер органдарының қызметкері.

Жәнібек Әмірақын Дархан Әскентаймен бір сыныпта оқыған. Сөзінше, ол қалған сотталушылар мен жәбірленушілерді танымайды.

4 қазан күні 00:42 шамасында Жедел кезекшінің нұсқауы бойынша Талғар қаласы Менделеев көшесінде төбелес болып жатыр деген хабар түсті. Оқиға орнына 7-8 минутта бардым. Онда бір топ адам жүрді. Олармен сөйлестім. Мән-жайды сұрап білдім. Басында жердегі қанды көрдім. Адамдар сөйлескенде бір бала пышақталғанын, оны әкесі емханаға алып кеткенін айтты. Барлығын кезекші бөлімге хабарладым, - деді ол.

Жәнібек Әмірақын оқиға болған жердегі көліктерді қалай тапқанын айтып берді.

Кейін автокөліктерді тауып, кезекшіге хабарластық. Сол кезде бір жігітті байқадық, оны әріптесім екеуіміз ұстадық. Ол “иә, мен Менделеев көшесінде болдым, төбелеске қатысым бар” деді. Ол Дархан Әскентай болып шықты. Сөйтіп екінші кезекші экипажды шақырдық. Дархан сыныптасым болса да, бірден танымадым, себебі көзі ісіп кеткен, оның үстіне қараңғы болды. Ішімдіктің иісі сезілді, - дейді куәгер сотта.

Бұған дейін сотта Дархан Әскентайдың тағы бір сыныптасы Еркебұлан Тоқтарбай жауап берген болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы