Кеше 2026, 16:07 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ЖИ

Шенгенге бару тәртібі өзгерді: Қазақстандықтар енді бет-бейнесі арқылы тексеріледі

Жаңа тәртіп туристік сапармен, оқуға, жұмысқа немесе іссапармен баратын азаматтардың бәріне ортақ.

Шенген аймағына кіретін елдерде шекарадан өтудің жаңа цифрлық жүйесі іске қосылды. Бұл өзгеріс Қазақстан азаматтарына да қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, 10 сәуірден бастап Шенген аймағындағы 29 мемлекетте Entry/Exit System (EES) жүйесі толық жұмыс істей бастады.

Аталған жүйе Шенген аймағының сыртқы шекарасынан өтетін үшінші ел азаматтарының кіріп-шығуын цифрлық форматта тіркеуге арналған. Яғни бұрынғыдай төлқұжатқа мөр басу тәжірибесі біртіндеп тоқтатылады, – деді Жетібаев ведомствода өткен баспасөз брифингінде.

Жаңа тәртіп туристік сапармен, оқуға, жұмысқа немесе іссапармен баратын азаматтардың бәріне ортақ. Сонымен қатар транзиттік жолаушылар да осы талаппен шекарадан өтеді.

СІМ мәліметінше, Шенген елдерінің біріне алғаш рет кірген кезде шетел азаматтарының төлқұжат деректері, биометриялық ақпараты, елге кірген және шыққан уақыты мен орны тіркеледі.

12 жасқа дейінгі балалардан саусақ ізі алынбайды. Ал жиналған мәліметтер жеке деректерді қорғау талаптарына сәйкес үш жылға дейін сақталады, – деп нақтылады министрлік өкілі.

Ерлан Жетібаев кейінгі сапарларда шекаралық бақылау рәсімі жеңілдей түсетінін айтты. Оның сөзінше, азаматтардың жеке басын растау бет-бейнесі арқылы жүргізіледі.

Егер жолаушы биометриялық мәліметтерін ұсынудан бас тартса, оған Шенген аймағына кіруге рұқсат берілмейді, – деді ол.

Министрлік жаңа жүйе іске қосылған алғашқы кезеңде шекарадан өту уақыты ұзаруы мүмкін екенін ескертті. Әсіресе транзитпен ұшатын қазақстандықтарға рейстер арасындағы уақытты алдын ала дұрыс жоспарлауға кеңес берілді.

Сондай-ақ Еуропалық одақ арнайы мобильді қосымша әзірлеген. Ол арқылы азаматтар сапарға 72 сағат қалғанда төлқұжат деректері мен биометриялық фотосын алдын ала жүктей алады. Алайда бұл шекаралық бақылаудан өтуді алмастырмайды.

Еске салсақ, бұған дейін ҚР СІМ БАӘ-де сотталған қазақстан азаматына шығарылған үкімге қатысты ресми мәлімдеме жасаған болатын.

Сондай-ақ, өмір бойына сотталған қазақстандықтың қандай қылмыс жасағанын айтты.