Шамалғандағы апат: зардап шеккен балалар Алматыға ауыстырылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шамалғанда пойыз бен автобустың соқтығысуы салдарынан болған апаттың салдарынан зардап шеккен 2014, 2016 жылы туған екі қыздың жағдайлары өте ауыр. Олар жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
«Зардап шеккен балалар Алматы қаласындағы балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілді. Ж есімді 1986 туған азаматшаны №7 қалалық клиникалық аурухананың политравма бөлімінің меңгерушісі қарап тексерді. Алматы қаласы мен Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының шешімімен оның емін №7 қалалық клиникалық аурухана жағдайында әрі қарай жалғастыру мақсатында пациент реанимобиль арқылы аталмыш мекемеге тасымалданды. Реанимобильмен бірге жол полициясы жүріп отырды», - делінген Алматы Денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
15 қыркүйекте Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы мен №1 қалалық балалар ауруханасының нейрохирург мамандары Қарасай аудандық ауруханасының базасында 2014 жылғы балаға операция жасады. Қыздың жағдайы өте ауыр.
2016 жылы туған екінші қыздың да жағдайы өте ауыр. Екі қыз да ес-түссіз, комада жатыр. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Сонымен қатар, қыздардың анасының жағдайы да өте ауыр деп бағалануда.
Атап өтсек, 15 қыркүйекте Алматы облысы Шамалған станциясында «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызы мен «Алматы - Шамалған» бағытындағы автобус соқтығысты. Апат түсірілген видео да жарияланды. Бейнежазбадан шлагбаум алдында көліктер ұзын-сонар кезекте тұрғанын көруге болады. Осы сәтте жолаушылар пойызы келіп автобусты қағады.
ҚТЖ басшысының кеңесшісі Руслан Иманқұловтың мәліметіне сәйкес, автобус жүргізушісі сигналды елеместен пойыз жүретін жолға шығып кеткен.
Жол көлік оқиғасынан 1 адам мерт болып, 9 адам жарақаттанған. Қаза болған – автобус жүргізушісі.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болған автобус жүргізушісінің туыстарына көңіл айтты.
Ал Ішкі істер министрлігі 3 жолаушының аудандық ауруханаға жатқызылғанын хабарлады.
Одан кейін қайтыс болған жігіт 1979 жылғыекені белгілі болды. 2014 және 2016 жылғы балалар мен 33 жастағы әйелдің Қарасай аудандық емханасының жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқаны да анықталды.