"Шалбар ізде дедім". Бишімбаев видеодағы кей сәтке түсініктеме берді
Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Жанна Оразбақова Бишімбаевты сұрақтың астына алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Жанна Оразбақова айыпталушының ұялы телефонынан табылған видеоларға байланысты Бишімбаевты қайта жауаптың астына алды. Онда ол бейнедегі кейбір жайтқа көңіл аударуды сұрады.
Оразбақова: Сіз осыған дейін видеода киім ізде дедіңіз? Ол киімді қайдан іздеді?
Бишімбаев: Біз бұл жерден кету үшін мен оған киімін, телефонын ізде дедім. Мүмкін шалбарды не телефонды іздеген болар.
Оразбақова: Осыған дейін сіз Салтанаттың киімдерін көлікте қалдырғанын айтып едіңіз. Сонда қандай киімді іздеді?
Бишімбаев: Мен шалбар ізде дедім.
Сондай-ақ ол видеода күдік туғызған сәттерге де тоқталды.
Оразбақова: Мына жерде еденде екі түйменің жатқанын көреміз. Сіз осыған дейін Салтанат көлікте болғанда жанжал барысында алқаны үзіп, жейдесін жыртты деген едіңіз. Неге ол көлікте емес, еденде жатыр?
Бишімбаев: Ол түймелер менің қызғылт жейдемдікі. Мен осыған дейін жейдемді дәретханада жыртқаны туралы айтқанмын...
Оразбақова: Неге бұл жейде сіздікі болса, оны Салтанат айғақ деп атады?
Бишімбаев: Мен видеоны толық көрмедім, менен жақсы білетін шығарсыз. Мен диалогты толық естімедім.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Бишімбаев Салтанатты неге видеоға түсіргенін айтты.