Шахматтан әлем чемпионы соңғы партияда анықталын болды

Астанада шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчтың 13-ші партиясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ресейлік Ян Непомнящий мен қытайлық Дин Лижен арасындағы бәсеке шарықтау кезеңіне жетті. Шахматшылар 14 партияның 13-ін ойнап, жеңіспазды анықтай алмады.

Бірнеше сенсациялық нәтижеден кейін 13-ші партияда екі гроссмейстер сақ ойнады. Сондықтан бұл партиядағы ойын басымдығы бір спортшыдан екіншіге ауысып отырды. Сөйтіп бір-бірінен айласын асыра алмаған шахматшылар тең нәтиже келісіп, қол алысты.

Осылайша Ян Непомнящий мен Дин Лижен арасындағы тартыс соңғы 14-ші партияда шешіледі. Әзірге жалпы есеп - 6,5:6,5.

Айта кетейік, бұл ойынның бірінші қадамын Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек істеді. Ал бұған дейінгі партияны танымал әнші Димаш Құдайберген бастап берген еді.

Айта кетейік, елордада өтіп жатқан жарыс 14 партиядан тұрады. Алайда ойыншылардың біреуі 7,5 ұпай жинаса, мерзімінен бұрын Әлем чемпионы атануы мүмкін. Ал шахматшылар тең түссе, жеңімпаз жылдам шахмат бойынша плей-оффта анықталады.

Ян Непомнящий шахматтан әлем чемпионы атағы үшін осымен екінші рет таласып жатыр. Екі жыл бұрын ол норвегиялық Магнус Карлсенге жеңіліп қалған еді. Ал Дин Лижен чемпиондық тәж үшін бәсекеге түсіп жатқан алғашқы қытайлық шахматшы. Жарыстың жүлде қоры 2 миллион доллар, оның 60 пайызын жеңімпаз, ал 40 пайызын 2-ші орын алған шахматшы алады.

Еске сала кетейік, 7 сәуірде Астанада шахматтан әлем чемпионы атағы үшін жарыс басталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: kazchess.kz
Өзгелердің жаңалығы