Шағын және орта бизнестегі жұмысшылардың құқығын қорғау керек – YNTYMAQ кәсіподағы
Алматы, BAQ тілші. Жұмыс берушілер кәсіподақтардың құрылуына құлықты емес. Ешкім жұмысшының құқығын қорғайтын ұйымның құрылғанын қаламайды. Бұл туралы «YNTYMAQ» орта және шағын бизнес жұмыскерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағы» РҚБ Алматы қаласы бойынша филиалының төрағасы Асхат Асылбеков Алматыда өткен брифингте айтты.
Оның айтуынша, Алматы қаласында шағын және орта бизнес жақсы дамыған және халықтың көпшілігі осы салада күн көріп жүр.«Республикалық салық бюджетінің 28 пайызын Алматы қаласы беріп отыр. Бұл әсіресе қаладағы шағын және орта бизнес есебінен жиналуда. Сондықтан шағын және орта бизнестегі жұмысшылардың құқығын қорғау өте өзекті. Өйткені қала бойынша 749 кәсіподақ ұйымы бар болса, оның 12-сі ғана шағын және орта бизнес ішінен құрылған», - дейді ол.
Сонымен қатар, ол жұмыс берушілер кәсіподақтардың құрылуына құлықты емес екенін, ешкім жұмысшының құқығын қорғайтын ұйымның құрылғанын қаламайтынын айтады.
«Мәселен, шаштараз, техника жөндеу орталығы, кафе, базарларда қаншама адам жұмыс істейді. Жұмыс беруші тарапынан күніне қаншама жұмысшылардың құқығы бұзылып жатыр. Көбі сауатсыз болғандықтан өз құқықтарын қорғай білмейді. Біздің «YNTYMAQ» кәсіподақ ұйымы фрилацерлердің де құқығын қорғайды. Кәсіпкерлік саласында жұмысшылардың құқығын қорғайтын кәсіподақтар аз. Көбінде медицина саласы мен педагогтар арасында құрылған», - дейді Асхат Асылбеков.
Оның сөзінше, шағын кәсіпорындарда жұмысшылар өз құқығын қорғай алмайды, белсенділерді жұмыстан оңай шығарып жібереді.
«Егер ол жерде кәсіподақ жұмыс істегенде жұмысшыны себепсіз шығара алмас еді. Мәселен, кафелерде даяшы, ыдыс жуушы болып жұмыс істейтіндерге кейде жұмыс беруші материалдық айыппұл салып жатады, яғни олардың құқығы қорғалмаған. Жұмысшылардың көбі өз құқықтарын қорғай білмейді, бұл жағынан сауаты аз. Сондықтан шағын және орта бизнес саласында кәсіподақтарды көптеп ашу керек», - дейді ол.
Алматы қаласында жаңадан 10 кәсіподақ ұйымы құрылып, 4,1 мың адам кәсіподаққа тартылғаны туралы осыған дейін хабарлағанбыз.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Нұр-Сұлтанда корей асханасының фестивалі өтті
Келесі жаңалық
Үш күн ішінде ұрланған 900-ден астам мал иелеріне қайтарылды
Өзгелердің жаңалығы