Сербиядағы жаппай наразылық: жағдай ушыға түсті

Валево қаласында наразылық білдірушілер полициямен қақтығысып, президент Александр Вучичтің партиясының кеңсесін өртеп жібермек болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

DW таратқан ақпаратқа сәйкес, Белградта да полициямен қақтығыстар болды. Құқық қорғау органдары көз жасаурататын газ қолданды, бірнеше адам ұсталды.

Сербияда үшінші күн қатарынан президент Александр Вучичтің жақтастары мен қарсыластарының қақтығыстары жалғасуда. 16 тамыз, сенбі күні Валево қаласында (Белградтан шамамен 100 км оңтүстік-батыста) беттерін маска және орамалмен жапқан жастар тобы Сербияның прогрессивті партиясы кеңсесіне отты шырақтар лақтырған.

Құқық қорғаушылар көз жасаурататын газ қолданып, үкіметке қарсы ұрандатқан демонстранттарға қарсы шықты. Олар полицияға бөтелке, тас және отшашулар лақтырды. Осындай оқиғалар Белградта да қайталанды: наразылық білдірушілер қоқыс жәшіктерін өртеп, тәртіп сақшыларына қарсы әрекет жасады.

Валевода бір полицей жарақат алып, 18 адам қамауға алынды, - деді ішкі істер министрі Ивица Дачич. 

Белградтағы жағдай бойынша зардап шеккендер мен ұсталғандар туралы нақты дерек әзірге жоқ.

Президент Вучичтің қарсыластары мен жақтастарының қақтығыстары алдыңғы күндері де орын алған еді. ІІМ дерегінше, 30 қалада кемінде 42 полицей жарақат алған, оның 26-сы – Белградта. Сонымен қатар 37 наразылық қатысушысы ұсталды.

Президент Александр Вучич тәртіпсіздіктерге қатысқандарды ұстау шаралары күшейтілетінін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Сербияда үкіметке қарсы наразылықтар белең алғанын жаздық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы