Сенат цифрлық активтерге қатысты заңды Мәжіліске қайтарды

Бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заңы мен оған ілеспе заңдар Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Белгілі болғандай, цифрлық технологияларды қолдану, әзірге дамудың бастапқы кезеңінде болса да, цифрлық активтер индустриясын дамыту, алдағы онжылдықтарда дәстүрлі басымдықтарды өзгертеді. 

Сондықтан осы саланы реттеу тетіктерін, алдын ала қарастыру өте маңызды.

Ұлттық энергия жүйесін реттелмейтін цифрлық майнингтен қорғау үшін майнерлер пайдалана алатын электр энергиясы көздерінің тізімі реттеледі. Олар жаңартылатын энергияны, импортталған электр қуатын және өз генерациясын пайдалана алады. Электр энергиясын жалпы электр жүйесінен тікелей тұтынуға цифрлық майнерлерге тыйым салынады. Олар тоқ қуатын жалпы энергетикалық жүйеде, профицит болған жағдайда ғана және тек қана электр энергиясы мен қуат нарығының қазақстандық оператор биржасы арқылы сатып ала алады. Бұл көлем үшін, баға шектеулері алынып тасталады және сауда тек нарықтық тетіктермен жүзеге асырылатын болады, - деп атап өтті Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Бекболат Орынбеков. 

Айтуынша, барлық майнерлер аккредиттелген қазақстандық майнингтік пулдар арқылы жұмыс істеуі керек. Осылайша, бұрын бұлттық сервистерде жұмыс істеген және Қазақстан экономикасына ешқандай пайдасы жоқ цифрлық майнерлер, енді біздің резиденттеріміз бен салық төлеушілерімізге айналады.

Заңның міндеттері:

- жаңа терминологияны енгізу (цифрлық актив, цифрлық активтер биржасы, цифрлық майнинг, цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығы);

- цифрлық майнерлер қызметін лицензиялау;

- цифрлық майнингтік пулдар қызметін жүзеге асыру;

- салық салу мақсатында цифрлық майнерлер мен цифрлық майнингтік пулдардың кірістері туралы мәліметтерді ұсыну;

- цифрлық активтер биржаларының қызметін регламенттеу;

- цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік бақылау;

- Қазақстан Республикасының цифрлық активтер саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық.

Майнинг саласының және оның өнімінің еліміздің экономикасына қатысуын қамтамасыз ету үшін цифрлық майнерлер қызметінің екі түрін лицензиялау енгізілді. Бірінші түрі – тиісті инфрақұрылымға, яғни деректерді өңдеу орталықтарына иелік ететін цифрлық майнерлер қызметі. Екіншісі – деректер орталықтарында ұяшықтарды жалға алатын және энергия квотасын талап етпейтін жабдық иелері болып табылатын цифрлық майнерлер қызметі, - деді сенатор. 

Мәжіліске қайтарылған соң құжаттарға түзетулер енгізіледі. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы