Семейде ер адам жасөспірім қыздарды зорлаймын деп қорқытқан
Белгісіз ер адам мектеп оқушыларына жақындап, алкоголь ішімдігін ішуді бірнеше рет ұсынған.
Семей қаласында 18 сәуір күні мас ер адам жасөспірім қыздарға тиісіп, зорлаймын деп қорқытқан. Бұл ақпаратты BAQ.KZ тілшісіне Абай облысының Полиция департаменті растады.
Белгісіз ер адам мектеп оқушыларына жақындап, алкоголь ішімдігін ішуді бірнеше рет ұсынған. Қыздар бас тартқан соң ер адам оларды аңдып, әдепсіз сөздер айтып, ашық түрде зорлайтынын мәлімдеген.
Оқиға видеоға түсіп, әлеуметтік желіге тараған. Тұрғындар құқық қорғау органдарын ер адамды тез арада тауып, шара қолдануға шақырды.
Абай облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған бейнежазба зерттелді. Факті бойынша полицияға арыз түспегенімен, видеоның авторы анықталды. Ол – 17 жастағы семейлік қыз және оның құрбысы. Екеуі де мас ер адамның әдепсіз әрекетін растаған.
Аталған дерек Әуезов полиция бөлімінде тіркелді. Ер адамның жеке басы анықталды. Оған қатысты ҚР заңнамасына сәйкес шара қолданылады.
Азаматтардан кез келген құқыққа қайшы әрекет пен қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері туралы "102" арнасына немесе "Заң және тәртіп" мобильді қосымшасы арқылы дереу хабарлауды сұраймыз, - деп ескертті Абай облысы ПД.
Бұған дейін Семейде студент жасөспірімді қылқындырып, видеоны чатта таратқан еді.