25 Тамыз 2026, 12:04 Фото: ©BAQ.KZ коллажы/ЖИ

Сегіз облыс неге жарықсыз қалды? Энергетика министрі блэкауттың себебін түсіндірді

Министр Қазақстандағы жарықтың жаппай өшуін немен байланыстырды?

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкіметте өткен брифингте 11 күн бұрын Қазақстанда болған жаппай электр қуатының өшуіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Энергетика министрі 14 тамыз күні сағат 14:37-де Орталық Азияның энергетикалық жүйесінде генерациялаушы жабдықтардың істен шыққанын еске салды.

Біз бұл жағдайды Тоқтоғұл су электр станциясындағы жалпы қуаты шамамен 625 мегаватт болатын №1 және №2 гидрогенераторлардың істен шығуымен байланыстырамыз. Орталық Азиядағы шектес энергетикалық жүйелердің жұмыс режимінің өзгеруі Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің оңтүстік аймағында қуаттың қайта бөлінуіне әкелді. Соның салдарынан Қазақстанның солтүстік және оңтүстік энергетикалық аймақтары бір-бірінен ажырап, оңтүстік бөлік оқшауланған режимде жұмыс істеді. Алматы энергия торабы мен Ағадыр қосалқы станциясын қоса алғанда, үш қосалқы станция істен шықты. Артынша үш электр желісі ажыратылды. Одан әрі тізбекті реакция басталып, негізінен Қазақстанның оңтүстігіндегі бірқатар өңір жарықсыз қалды, – дейді Ерлан Ақкенженов.

Министрдің пікірінше, болған жағдайдың оң тұстары да бар.

Сағат 14:47-де KEGOC операторы кейбір өңірлерді электр желісіне қайта қосу үшін барлық қажетті шараны қабылдады. Осы уақытта Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарындағы шектеулер алынып тасталды. Сағат 16:12-де Алматы және Жетісу облыстарында да электр энергиясын беруге қойылған шектеулер жойылды. Бұл – еліміздегі релелік қорғаныс пен автоматиканың қаншалықты тиімді жұмыс істегенінің айқын мысалы. Оператор 2,5 сағат ішінде Қазақстанның бүкіл энергетикалық жүйесін қайта қалпына келтірді. Ал Ыстанбұлда бұған бірнеше күн кеткен еді, – деді Ерлан Ақкенженов.

Еске салайық, 2026 жылғы 14 тамызда Қазақстанда жаппай электр қуаты өшіп, сегіз облыс жарықсыз қалды. «KEGOC» АҚ мәліметінше, Тоқтоғұл су электр станциясында жалпы қуаты 600 мегаватт болатын екі гидрогенератор істен шыққан. Соның салдарынан Солтүстік – Оңтүстік транзитіне түсетін қуат күрт артып, желі шамадан тыс жүктелген.