Бүгiн 2026, 11:53 Фото: Ақмола облысы ТЖД

Щучинскідегі жарылыс: Кінәлілер 10 жылға дейін сотталуы мүмкін

26 ақпанда Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге іргелес салынған бір қабатты дәмханада газ‑әуе қоспасы жарылып, кейін өрт шыққан болатын.

26 ақпанда Щучинск қаласындағы дәмханада өрт шығып, 7 адам қаза тапты, 28 адам зардап шекті. Қайғылы оқиғаға кінәлілер 10 жылға дейін сотталуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 26 ақпанда Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге іргелес салынған бір қабатты дәмханада газ‑әуе қоспасы жарылып, кейін өрт шыққан болатын. Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері хабар алғаннан кейін бес минут ішінде оқиға орнына жетті.

Бірінші бөлімшелер келген кезде дәмхананың барлық аумағы жанып жатқаны анықталған. Сыртқы қабырғалар мен ішкі аралық қабырғалар опырылған.

Өрт сөндірушілердің жедел әрекеттерінің арқасында жанып жатқан үй-жайдан әрқайсысының көлемі 50 литрлік бес газ баллоны және 2 оттегі баллоны шығарылды, бұл үй-жайдың ішінде қайталама жарылыстардың алдын алуға мүмкіндік берді, - деп хабарлады облыстық ТЖД.

Фото: Ақмола облысы ТЖД

Оқиға нәтижесінде жанып жатқан үй-жайдан 10 адам құтқарылды. 28 адам зардап шекті, олардың 13-і ауруханаға жатқызылды, 8 адамға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. 7 адам қайтыс болды.

Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінде  жедел желі ашылды: 8 (7162) 51-42-98.

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлімі («Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан абайсыздықта екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әрекет») бойынша сотқа дейінгі тергеу тағайындалды. Заңға сәйкес аталған бап бойынша кінәлі азаматтар 10 жылға дейін сотталуы көзделген.

26 ақпанда болған кафедегі жарылыстың хронологиясын назарларыңызға ұсынамыз.

Кейін жарылыстың бір куәгері әріптестерімен бірге зардап шеккендерге көмек көрсеткенін айтты.

Белгілі болғандай, Ақмола облысы Щучинск қаласы Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовтың айтуынша, жарылыс ауызашар уақытында болған жоқ. Зардап шеккендердің арасында кішкентай балалар болмаған.

Аталған қайғылы оқиғаны көрген куәгерлердің видеосы да тарады.