Сауда соғысы: Қытай 84% vs АҚШ 125%
Қытай АҚШ-тан импортталатын тауарларға қосымша тарифті 34%-дан 84%-ға дейін көтерді. Бұл шешім 2025 жылғы 10 сәуірде Бейжің уақытымен 12:01-ден бастап күшіне енді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ беттерінде таралған ақпаратқа сәйкес, Ресми мәлімдеме Қытай Мемлекеттік кеңесі жанындағы Кедендік баж салығы жөніндегі комитеттің жариялаған құжатында көрсетілген.
Бұл шешім АҚШ-тың 8 сәуірде Қытай тауарларына қолданатын өз тарифтерін дәл осындай деңгейге – 84%-ға дейін көтергеніне жауап ретінде қабылданды.
Құжатта Қытай тарапы АҚШ-тың бұл әрекетін "қате шешім" деп атап, оның екі ел арасындағы сауда қатынастарына және ережеге негізделген көпжақты сауда жүйесіне елеулі зиян келтіретінін мәлімдеді.
Сондай-ақ, бұл шешім Қытайдың заңды құқықтары мен мүдделерін бұзады, - делінген хабарламада.
Соңғы мәліметке сәйкес, АҚШ Қытайға қатысты сауда баждарын бірден 125%-ға дейін көтеруді жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, 2 сәуірде Трамп сауда саласындағы ауқымды шараларды жариялаған болатын: АҚШ-қа жеткізілетін барлық өнімдер үшін 10%-дық базалық тарифтер енгізілді. ЕО үшін бұл көрсеткіш 20%-ға, ал Қытай үшін 34%-ға дейін көтерілді. Кейінірек АҚШ Қытайға қарсы баж салығын 104%-ға дейін көтерді.