25 Тамыз 2026, 13:18 Фото: ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Сарапшы Құрылтай сайлауының басты ерекшелігін айтты

Алуа Жолдыбалина 23 тамызда өткен Құрылтай сайлауының ең негізгі ерекшелігі ретінде теледебаттар мен рекордтық санда келген байқаушылар екенін атап өтті.

«Sarap» сарапшылық клубының отырысында  ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина биылғы электоралды кезеңнің басты ерекшелігі ретінде теледебаттарға деген жоғары қызығушылық пен рекордтық санда келген халықаралық байқаушылардың рөлін ерекше атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сайлау науқанының барысына баға бере отырып, спикер бұл электоралды кезеңнің басты ерекшеліктеріне жеке-жеке тоқталды. Оның сөзінше, сайлау науқанында халықтың үлкен қызығушылығын тудырған ерекше форматтың бірі – дебат болды.

Дебат саяси партиялар мен көшбасшылардың әлеуетін көрсететін тиімді саяси технология ретінде өзін өте жақсы дәлелдеді. Аудиториясына қарасақ, теледидар арқылы негізінен 40-50-ден асқан азаматтар тамашаласа, YouTube платформасында жастар белсенділік танытты. Сонымен қатар тікелей эфирде QR-код арқылы интерактивті сауалнамалар жүргізіліп, тұрғындар өз пікірін білдіріп отырды. Бұл сайлаудың ашықтығы мен азаматтардың қатысу белсенділігіне қатты әсер етті, – деді Алуа Жолдыбалина.

Жолдыбалинаның пікірінше, өткізілген барлық төрт дебаттың ерекшелігі – командалық форматта болғандығында.

Сонымен қатар, сарапшы биылғы науқанның үлкен ерекшелігі – бұған дейінгі электоралды науқандарда болмаған рекордтық көрсеткіш, ол — бізге келген халықаралық байқаушылардың саны екендігін айтты.  

Сайлауды бақылауға 42 мемлекеттен және 10 халықаралық ұйымнан 777 байқаушы қатысты. Мұндай жоғары қызығушылық халықаралық қауымдастықтың Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға берген үлкен бағасы әрі сенімі деп білемін, – деп атап өтті.

Сөзін түйіндей келе, Алуа Жолдыбалина заң шығарушы органның жұмысын заман талабына сай одан әрі жетілдіру бойынша сарапшылар қауымдастығы өз ұсыныстарын беретінін айтты.

Қазір Құрылтай депутаттарының белсенділік рейтингін құру, сондай-ақ халықтан түсетін барлық сауалдарды бір жүйеге біріктіретін „E-парламент“ жобасын енгізу сияқты бастамалар талқыланып жатыр. Сарапшылар қауымдастығы ретінде біз бұл бағытта өз ұсыныстарымызды ұсынамыз, – деді ол.

Тағы оқи отырыңыз: Ақерке Берлібай: Медиадағы танымалдық сайлауда жеңіске кепіл бола алмайды